Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №101 мектеп-лицейінде орналасқан №256 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді.

Фото: respublica-partiyasy.kz

Таңдауын жасаған соң, ол сайлаудың маңызына тоқталып, бұл күнді Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басуымен байланыстырды.

– Тәуелсіздік шежіресіндегі алғашқы Құрылтай сайлауының тарихи мәні зор, жөні бөлек. Ел болашағын айқындайтын маңызды кезеңнің бастауында тұрмыз. Президентімізбен, халқымызбен бірге жаңа тарихты жазып жатырмыз. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басып отыр. Қуатты, прогрессивті, әділетті Қазақстан дәуірі басталсын! Еліміздің қадамы құтты болсын! – деді Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауында ел аумағында және шетелдердегі Қазақстан өкілдіктерінде барлығы 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.