Respublica төрағасы сайлауға ұсынылған тізімнің қалайша жылдам қысқарғанын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Хожаназаров Мәжіліс сайлауына ұсынған 29 адамдық тізімнің қалай қысқарып қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия жетекшісі Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында бұл жайттың ешқандай саяси астары жоқ екенін айтты.

«Тізімдегі екі адам науқанға қатысудан ішкі себептерімен бас тартты. Осылайша Respublica партиясының тізімінен сайлауға 23 адам бара жатыр. Біріншіден, бұлардың бас тартуы ешқандай саяси мәселе емес. Олардың ішкі мәселесі, отбасына, көшуіне байланысты. Өздері осылай қысқа мерзімнің ішінде тізімге енеміз деп күтпеді. Сәйкесінше отбасымен сөйлесіп, ақылдаса келіп Астанаға көшіп келуге дайын емес болып шықты. Мен бұған олардың жұбайлары әсер етсе керек деп топшылаймын», - деді Айдарбек Ходжаназаров.

Оның айтуынша, отбасылық жағдай тағы бір партия мүшесінің сайлаудан бас тартуына себеп болған көрінеді.

«Мен бұл байыпты әрекет емес екенін түсінемін. Бірақ олардың жағдайын да түсінуіміз керек. Отбасылық жағдайлар бар. Бұл екі кандидаттан басқа тағы бір партия мүшесі сайлауға түсуді жоспарлаған болатын. Үйінде қайғылы жағдай болып, бас тартты. Біз ештеңе істей алмайтын отбасылық жағдайлар бар. Оны да есепке алуымыз керек», - деді партия жетекшісі.

Сондай-ақ, ол алдағы сайлауға бірмандаттық округ бойынша түспек болған партияның тең төрағаларының бірі Сырымбек Таудың кандидаттықтан шеттетілуіне пікір білдірді.

«Өте өкінішті. Себебі Сырымбек Тау елімізде 19 жылдан бері тұрып келеді. Бірақ куәлік құжаттары бойынша ол 2013 жылдың сегізінші айында ғана ресми тіркелген болып шықты. Сондықтан бізге жеті-ақ ай жетпей қалды. Бірақ ол мемлекетімізге 2004 жылы көшіп келген. Былай қарасақ, 19 жыл. Біз ол кісінің бастапқы тіркелген мерзімі 19 жыл болғандықтан толық деп ойладық. Сондықтан да Орталық сайлау комиссиясының шешімін әрине, заңды болғандықтан қабылдаймыз. Бірақ ішімізден қолдау қиын боп тұр», - деді Айдарбек Ходжаназаров.

Осылайша алдағы Мәжіліс сайлауына партия тізімінен 23 адам, бірмандаттық округтен 2 адам түсетін болған.

Тағы бір адам – Бағила Балтабаева. Ол бірмандаттық аумақтан қатысудан өзі бас тартты.

«Себебі бүкіл құжаттарын дайындап үлгермеді. Шымкентпен екі арада ұшып-қонып жүріп, уақытын жеткізе алмады. Бізде партия тізімінен 25 адам, бірмандаттық аумақтан 4 адам ұсынылған. Партия тізіміндегі 25 адамның ішінен 2 кандидат бас тартты. Қалған 4 адамнан бір кандидат шектелді (Сырымбек Тау), бір адам өзі бас тартты. Сонымен бас-аяғы 25 адам болады», - деді ол.

Еске салсақ, Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізіміне 29 адам енгізілген болатын.

Алайда, кеше бірмандатты жүйе бойынша ұсынылған үміткер, партияның тең төрағаларының бірі Сырымбек Таудың тізімнен шеттетілгені белгілі болды.

Ал бүгін ОСК партия тізімі бойынша ұсынылған екі адамды кандидаттықтан шығарды.