Республика аумағында сапасыз азық-түлік өнімдерінің 3 мыңнан астам партиясы сатылымнан алынды

ТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республика аумағында сапасыз азық-түлік өнімдерінің 3 мыңнан астам партиясы сатылымнан алынды.

Бұл туралы бүгін 9 айдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Қазақстан аумағында жалпы сомасы 729 миллион теңгеге жуық сапасыз және сәйкестік сертификаты жоқ азық-түлік өнімдерінің 3 мыңнан астам партиясы анықталып, сатылымнан алынған.

Мәселен, Украинаның «Одесский консервный завод» ЖАҚ шығарған құтыдағы жасыл бұршақта қорғасынның шамадан тыс көп екендігі анықталған. Сонымен қатар техникалық регламенттерді Швейцария, Қытай, Қырғызстан өндірушілері бұзып отыр. аталған факті еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына хабарланған.