Республика аумағында ЖҚТБ-ның алдын алу айлығы басталды

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Республика аумағында ЖҚТБ-ның алдын алу айлығы басталды, деп хабарлады Астана қалалық ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы.

Аталған орталықтың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі ел аумағында АҚТҚ жұқтырудың 17099 оқиғасы тіркелсе, оның ішінде 1088 адам қайтыс болған. Ал Астана қаласында АҚТҚ жұқтырған 454 адамның 35-сі көз жұмды. Егер бұрын АҚТҚ ауруы көбіне есірткіні инемен тұтынушылар арасында анықталса, ал қазір ол 40 жасқа дейінгі халықтың әлеуметтік қамтамсыз етілген топтарында да кездеседі.

Осы күрделі мәселеге назар аударған елорданың Денсаулық сақтау басқармасы, Астана қаласының ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары 8 қараша күні баспасөз мәслихатын өткізеді. Шара барысында олар ЖҚТБ ауруларын төмендету мақсатында жүргізілген жұмыстар жайында, сондай-ақ коммерциялық жыныстық қатынаспен айналысатын адамдар арасында жүргізілген рейдтік жұмыстар туралы әңгімелейді.