Республика аумағындағы барлық паромдар тексеріледі - Көлік және коммуникация министрлігі
Бұл туралы бүгін Астанада өткен кеңесте ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Жұмашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеме, су көлігі жолдарындағы нысандарды қадағалау мақсаты тұр. Көпірлер бойынша біз «Су көлігі жүзетін көпір» атты жеке акция өткізуді көздеп отырмыз. Өз кезегінде барлық көпірлер мен басқа да гирдротехникалық құрылғылардың иелерін су көліктерін қауіпсіз түрде өткізуді қамтамасыз ету талаптарын сақтауды міндеттейміз», - деді ол.
Жақында Отырар ауданында өзеннің екінші бетіне өтіп бара жатқан паромнан бір автокөлік ішіндегі адамдарымен суға құлап, қайғылы оқиға орын алғанын еске салып өткен Е. Жұмашев, «қазіргі кезде бұл оқиға бойынша тексеріс жүргізілуде», деді.
«Осыған байланысты республика аумағындағы барлық паромдар бойынша бөлек тексеріс жүргізу қажет. Атап айтқанда, паромдарға қатысты арнайы акцияны жариялау керек. 2 аптаның ішінде бұл жұмыстарды жүргізіп, көліктік бақылау комитетіне есеп беру қажет», - деді Е. Жұмашев.
Сондай-ақ ол кеңесте Төтенше жағдайлар министрлігінің суда құтқару қызметтерімен тығыз байланыста жұмыс істеу шараларын белгіледі.