Хореографпен сұхбаттасып, оның өмір жолы, жас бишілерді тәрбиелеу тәсілдері және ұлттық дәстүрді сақтау ұстанымдары туралы әңгімелестік.
Бүгінде оның жетекшілігімен «Мирас», «Қазына» және «Ақбота» ансамбльдерінің жас бишілері жаттығады. Ұстаз үшін шәкірттерінің жетістігі — көп жылғы еңбектің басты жемісі әрі марапаты.
Химия мен биологиядан би өнеріне дейін
Ерсін Жүсіпов — мамандығы бойынша химия және биология пәндерінің мұғалімі. Алайда студент кезінде би үйірмесіне қатыса бастаған ол уақыт өте келе осы өнерге біржола ден қойған. Хореографияға 50 жылдан астам уақытын арнап, әсіресе ұлттық билерге басымдық берді.
Ұлғайған жасына қарамастан, ұстаздың бойындағы жігері мен қуаты әлі де мол. Ол шәкірттерімен белсенді жұмыс істеп, әр қимылына мұқият назар аударады. Би элементтерін өзі көрсетіп, оқушыларынан бар күш-жігерін салуды талап етеді.
Өнерпаз үшін балалардың би қимылдарын жаттап алуы ғана жеткіліксіз. Ол шәкірттерінің бидің мән-мағынасын түсініп, оны көрерменге жеткізе білуін маңызды санайды.
— Балалардың биді шаттана билеп, жетістіктеріне мәз болғанын көргенде, өмірімнің босқа өтпегенін түсінемін. Жақында байқауға барып, екі шәкіртім Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Олардың қуанышында шек болған жоқ! Осындай сәттерде шаршағаның, қажығаның ұмытылып кетеді, — дейді хореограф.
Оның жетекшілігіндегі «Мирас» балалар ансамблі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ұстаз би шеберлігін үйретумен қатар, тәртіп, жауапкершілік және өнерге деген құрмет секілді құндылықтарды шәкірттерінің бойына сіңіруге тырысады.
Талапшыл тәлімгер — шәкірттеріне үлгі
Әлеуметтік желіде Ерсін Жүсіповке қатысты видео тарап, жұрт назарын аударды. Кадрларда хореограф сахна сыртында шәкірттеріне би қимылдарын көрсетіп, бағыт-бағдар көрсетіп тұр. Көрермендерді оның балаларға деген қамқорлығы ерекше әсерге бөледі.
«Мирас» ансамблінің бишісі Кәусәр Базарбекқызы Ерсін ұстазынан екі жылдан астам уақыттан бері тәлім алып келеді. Оның айтуынша, педагог кейде қатал әрі талапшыл болғанымен, дәл осындай тәсіл шәкірттердің өнерге адалдығын, тәртібін қалыптастырып, шеберлігін шыңдайды.
— Ерсін аға өте талапшыл. Жаттығу кезінде бір нәрсе ойдағыдай шықпаса, сәл дауыс көтеретін кездері болады. Бірақ байқауларда үнемі қолдап, мақтап, бізге сенім ұялатады. Оның әр биге жанын салатыны және бидің мәнін бізге жеткізуге тырысатыны ұнайды. Біз оған қарап бой түзейміз, - дейді Кәусәр.
Ал хореографтың өзі би өнері сахнаға ерекше құрметпен қарауды талап етеді деп есептейді. Ол сахнаны өзіндік ережелері мен мәдениеті бар қасиетті кеңістік деп атайды. Ұстаз тәрбиеленушілеріне мұны алғашқы сабақтардан бастап үйретеді.
Педагог шәкірттері болашақта кәсіби биші әрі хореограф болып, ұлттық өнерді дамытып, келесі ұрпаққа жеткізеді деп үміт артады. Ерсін Жүсіповтің отбасында да би өнерінің орны ерекше. Кіші ұлы жұбайымен бірге хореографиямен айналысады. Ал балаларға арналған «Мирас» ансамблі атауының да мәні бар. Ол ұстаздың оқушылары асыл өнерді сақтап, жас ұрпаққа аманат етеді деген үмітінен туған.
Би өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығы
Ерсін Жүсіпов тек балалармен ғана жұмыс істемейді. Ол жасы 65-тен асқан, жергілікті әйелдерден құралған әуесқой топқа да сабақ береді. Зейнеткер шәкірттері де би өнерін меңгеріп, байқауларға қатысып, сахнаға шығып жүр.
Ұстаздың тәлімгерлері қатарында биге қызығатын әрі ұлттық мәдениетті сақтауға ұмтылатын азаматтар тобы, яғни «Қазына» ансамблі де бар. Ұжымның құрылғанына бір жылдай ғана болған. Соған қарамастан, ансамбль мүшелері концерттерде өнер көрсетіп, байқауларға қатысып, түрлі іс-шараларға атсалысып жүр.
Ансамбль солисі Әлия Найманқұлованың айтуынша, Ерсін ағай адамдарға шабыт беріп, олардың бойындағы қабілетті ашуға көмектесе біледі. Оның сөзінше, ұжымда 70 жастан асқан адамдар да бар. Олар әлі күнге дейін өнердің қыр-сырын хореографтан үйреніп, шеберліктерін жетілдіріп келеді.
— Хореографымыз Ерсін аға біздің би өнерін меңгеруіміз үшін қажырлы түрде тер төгіп жатыр. Оның еңбекқорлығы, талапшылдығы және шәкірттерін қанаттандыра білетін қасиетінің арқасында біз әлі де дамып келеміз. Арамызда 50-ден, тіпті 70 жастан асқандар да бар. Біз оның үйретер дүниесі әлі де көп екенін түсінеміз, — дейді Әлия.
Оның айтуынша, ұстаз шәкірттеріне қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсіп, тоқтап қалуға жол бермейді. Педагог ұжым алдына жаңа мақсаттар қойып, дамуға деген ұмтылысты өшірмейді.
Сондай-ақ, өмір салты, іс-әрекетімен қарттық шығармашылыққа кедергі болмауы керектігін көрсетеді. Ансамбль мүшелері үшін Ерсін Жүсіпов — тек тәлімгер ғана емес, өнерге деген ортақ сүйіспеншілік арқылы олардың басын қосқан жан.
Әр бидің өз тарихы бар
Жақында Ерсін Жүсіповке көп жылғы еңбегінің сыйы іспетті «Еңбек ардагері» медалі берілді. Хореограф бұл марапатты күтпегенін айтып, мұндай құрметтің әсіресе жас мамандар үшін маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, марапат жас мамандарға алға ұмтылуға күш береді.
Жарты ғасырдан астам уақыт ұстаздық еткен ол бірнеше ұрпақтың санасы, болмысы өзгергеніне куә болды. Оның байқауынша, қазіргі балаларға кейде бір сабаққа ұзақ уақыт бойы зейін қою бұрынғы толқындарға қарағанда, қиын. Дегенмен, педагог дұрыс тәсіл тауып, балалардың қызығушылығын оята білсе, олардың көп нәрсені үйренуге қабілетті екеніне сенімді.
Бүгінде Ерсін Жүсіпов Республика күніне орай «Сарбаздар» атты жаңа хореографиялық қойылым әзірлеп жатыр. Ол би арқылы шәкірттеріне патриоттық сезімді, Отанға деген құрметті және ұлттық құндылықтарды жеткізгісі келеді.
— Мен қойған әр бидің өз мағынасы мен тарихы бар. Балалардың қимылдарды жай ғана орындамай, қандай тақырыпта билеп жатқанын және көрерменге не айтқысы келетінін түсінгені мен үшін маңызды. Жақсы бишілер мен хореографтарды, нағыз кәсіби мамандарды тәрбиелегім келеді. Әрине, олардың өз Отанын сүйгенін де қалаймын, — дейді ұстаз.
Ерсін Жүсіпов үшін хореография жай ғана мамандық емес. Бұл — жаңа ұрпақты тәрбиелеудің, дәстүрді сақтаудың және ондаған жылдық еңбек барысында жинақтаған білімін өзгелермен бөлісудің жолы.
77 жасында да ол жаттығулар өткізіп, жаңа идеялар іздеп, шәкірттеріне жаңа міндеттер жүктейді. Музыка ойнап, оқушылары сахнаға шыққан сайын, хореограф бақытты күйге енеді. Себебі ісінің өзгелер арқылы жалғасқаны — ол үшін ең басты құндылық.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық биші жасөспірімдер Олимпиадасының жолдамасына ие болғанын жазғанбыз.