Республика азаматы: ақтөбелік пара пауэрлифтинг рекордшысы жастарды жаттықтырады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбелік зілтемірші Бекболат Орынтай кейінгі үш жылда 100 келі салмақ дәрежесінде алдына жан салмай келеді. Пара пауэрлифтинг шебері былтыр және биыл рекорд орнатты. Спортшы әрі жаттықтырушы ең маңыздысы жақсы нәтиже екенін айтты. Ең жақсы нәтиже адамға сенім, күш пен қуат береді.

Фото Бекболат Орынтайдың жеке архивінен

Бекболат Орынтай мектеп бітірген соң қатарластарынан қалмай техникалық салада білім алды. Мектепте еркін күрес, джиу джитсу спортымен қатар зілтемір көтеруге қызықты. Қызығушылық күн санап артып, кейін сүйікті спортына айналды. Үздіксіз жаттығып, Мақсұт Дәулетқалиевтің қамқорлығында болды. 

Жертөледегі спорт залынан кейін, арнайы жаттығу залынан табылды. Жоғары оқу орнына түскен соң да спорттан қол үзбеді, тіпті жаттықтырушы қызметін қатар алып жүрді. Спорт шеберіне үміткер, кейін спорт шебері атағына қол жеткізді. Диплом алып, Ақтөбеге оралған соң көзінен ауыр жарақат алып, бірнеше рет ота жасады. Ем-дом бірнеше жылға созылғанымен ол спортқа қайта оралуға бел буды.

— Бірнеше рет ота жасалғанымен оң нәтиже бермеді, бір көзімнің көру қабілеті төмендеді. Дәрігерлер қорытындысы шыққан соң мүгедектік рәсімделді. Арада екі жыл өткенде мүгедектігі бар адамдардың қандай спортпен шұғылданатынын білмекке бардым, таныстым, көрдім. Өз жүрегіме жақыны — пара пауэрлифтинг. Естіген соң қуандым, жаттығуымды бастадым. Мен ілімін білемін, тәжірибем бар. Сөйтіп 2024 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, 100 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын алдым. Жарыс Талдықорған қаласында өтті. 2025 жылы Тараз қаласында спартакиада болып, онда да бірінші орынды иелендім. Рекорд жаңартқан кез бұл. Өз салмағым бойынша 195 келілік зілтемірді көтердім. Биыл да Ақтау қаласында өткен параспортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында тағы рекорд жаңартып, 215 келі көтердім. Біз үш кезеңге қатысамыз. Зілтемірмен отырып-тұрудан 175 келі, жатып сығымдап көтеруден 140 келі, жерден алып көтеруден 215 келі болды. Әрқайсысында үш мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап жүрмін. Спортшының тамақтану, тынығу режимін сақтап, нәтижені күшейтеміз. Мақсат — әлемдік аренаға шығу, — деді спортшы Бекболат Орынтай.

Фото Бекболат Орынтайдың жеке архивінен

Пара спортшының тағы бір қыры — бапкерлігі. Ол өзі қатарлы жастармен қатар ерекше балаларды жаттықтырады. Зілтемірді көтеруге қызығатындар көп, тек бәрінің бірдей денсаулығы жарай бермейді.

— Пара пауэрлифтингке 10-дан астам адам қызығып, қатысады. Олар да ел біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ерекше балалар арасында көзі нашар көретіндермен қатар туа бітті сал ауруына шалдыққан жастар бар. Тірек-қимыл қозғалысы зақымданған пара спортшыларға зілтемірді жатып сығымдап көтеруге рұқсат ғана бар. Көзі нашар көрсе, үш кезеңге қатысады. Ақтөбеде мүгедектігі бар және пара спортшыларға арналған «Қуат» спорт кешені жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге «Достық» спорт кешенінде жаттуға болады. Тірек-қимыл қозғалысы бұзылған адамдар үшін жаттығу аппаратының түрі көп және ыңғайлы болғаны қажет. Бізде осы тұсы кемшін. Әлі де жаттығу құралы санының артқанын, оң нәтиже беретін жаңа аппараттардың болғанын қалаймыз. Бұл спортшылардың дамуына септігін тигізеді. Спорттағы жақсы нәтиже адамға қуат береді, алға жетелейді, — деді ол.

Фото Бекболат Орынтай жеке архивінен

Қол мен аяқ бұлшық еттерін жаттықтыруға арналған түрлі құрал-жабдық адамның мүмкіндігіне қарай емес, жасына сай болуға тиіс. Әр санаттың өз ерекшелігі болса, спорт жабдығы да соған сай өзгеруі керек. Бұл талап жаттығуда ғана емес, жарыста үлкен рөл атқарады.

— Елімізде пара спорт, оның ішінде пара пауфрлифтинг жақсы дамып келді. Кейбір өңір алға келіп қалған. Бізде де спортшы саны артып, бәсекелестік өседі деп ойлаймын. Қатарға қосылуды қалайтын адамдарды қабылдауға әзірміз. Ең біріншіден ауызбіршілік маңызды. Бір болсақ, талай қамалды аламыз, — деді жас жаттықтырушы.

Бұған дейін екі дүркін Паралимпиада чемпионы және Азия Пара ойындарының жеңімпазы, пауэрлифтер Давид Дегтярев туралы жазылды.