Республика азаматы: Арқарларды құтқарып, табиғатты қорғайтын орманшы

АСТАНА. KAZINFORM – Нұрым Сағалиев өмірінің 20 жылдан астам уақытын табиғатты қорғауға арнаған. Ол жабайы жануарларды ажалдан арашалап, өртпен күресіп, «Бұйратау» ұлттық паркінің бірегей табиғи ортасын сақтауға үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз үшін табиғатты қорғау жай ғана мамандық болудан қалған. Бұл – қиындықтары мен қуанышы қатар жүретін, болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті талап ететін өмірлік мұрат.

Фото: Нұрым Сағалиевтің жеке архивінен

Нұрым Сағалиев «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ерейментау филиалын басқарады. Ол бала күнінен осы өлкенің табиғатын танып өскен. Ендігі тілегі – өзі өскен табиғаттың сұлулығын кейінгі ұрпақтың да тамашалап, сол қалпында көре алуы.

— Балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші, табиғатқа деген сүйіспеншілігіңіз қалай басталды?

— Мен 1976 жылы Олжабай батыр ауылында дүниеге келіп, Алғабас ауылында өстім. Бұл – табиғаты көзге үйреншікті, тіршілігімен біте қайнасқан өлке. Қазір біздің ауыл «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің дәл ортасында орналасқан. Бала кезімнен табиғатқа қатыстының бәріне қызығатынмын. Осы кең даланың төсінде ер жеттім. Сондықтан бұл өлкенің әрбір қырқасы мен жазығы мен үшін жай ғана әсем көрініс емес, балалық шағым өткен, көңіліме жақын туған жер. Сондықтан да туған өлкемнің табиғатын қорғау мен үшін өмірлік мақсатқа айналған шығар.

— Табиғатқа деген сүйіспеншілігіңіз мамандық таңдауыңызға да әсер еткен ғой?

— Иә, солай деуге болады. Орман шаруашылығы саласында 2003 жылдан бері еңбек етіп келемін. 2011 жылы «Бұйратау» ұлттық паркі құрылғанда, осында жұмысымды жалғастырдым. Содан бері тәжірибе жинақтап, жаңа міндеттерді қолға алдым, жауапкершілігім де артты. Алайда өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – өзім өсіп-өнген өлкенің табиғатын көздің қарашығындай сақтау ниеті.

Фото: Нұрым Сағалиевтің жеке архивінен

— Бүгінде ұлттық парктің Ерейментау филиалын басқарасыз. Бұл қызмет қандай жауапкершілік жүктейді?

— Бұл қызметтің артында күнделікті атқарылатын қыруар жұмыс тұр. Табиғи аумақтарды қорғау, өрттің алдын алу, браконьерлікпен күресу, туристерге қолайлы жағдай жасау, ағаш отырғызу – бәрі де біздің міндетіміз.

Атқаратын жұмысымыз көп және әрқайсысының маңызы зор. Өйткені мақсатымыз – табиғатты бүгінгі күні сақтап қана қою емес, оны келешек ұрпаққа аман жеткізу. Балаларымыз бен немерелеріміз де жабайы жануарды өз мекенінде көріп, табиғаттың әсемдігіне сүйсініп, оны қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсініп өссе дейміз.

— Ұлттық парктің іргесі қаланған кезден бері осында еңбек етіп келесіз. Осы уақыт аралығында қандай жобаларға атсалыстыңыз?

— Парк құрылғалы көптеген жобаға қатыстым. Жануарларды бақылау үшін арнайы есепке алу алаңдарын ұйымдастырдық, олардың тіршілігіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған биотехникалық жұмыстар жүргіздік. Ғылыми зерттеулерге де араластым. Бір кездері ғылыми бөлімде жұмыс істеп, зерттеу нәтижелерін ғылыми мақалаларға енгізуге үлес қостым.

Мұның бәрі бір мақсатқа бағытталған. Ол – табиғатты тереңірек зерттеп, оның ерекшеліктерін танып-білу, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтауға қажетті жағдай жасау.

Фото: Нұрым Сағалиевтің жеке архивінен

— Есіңізде қалған ерекше оқиғалар да аз болмаған шығар. Жаныңызға қатты әсер еткен бір оқиғаны айтып бересіз бе?

— Ондай жағдайлар көп болды. Әсіресе, жануарды ажалдан арашалап қалған сәттер ұмытылмайды. Бірде анасынан адасып қалған кішкентай арқардың қозысын құтқаруға тура келді. Көмектеспесек, аштан өліп кетуі мүмкін еді. Біз оны бағып-қағып, аяқтандырдық. Біраз есейіп, шираған соң қайтадан табиғи ортасына жібердік.

Тағы бірде көктемде арқар қалың қарға батып, шыға алмай қалды. Оған көмектесіп, аман алып қалдым. Мұндай сәттер көңілде мәңгі сақталады. Өйткені тұтас бір тіршілік иесінің өмірін сақтап қалуға себепші болғаныңды түсінесің.

— Жұмысыңызда ең қиын нәрсе не деп атар едіңіз? Кейде қиындықты еңсеру мүмкін емес сияқты көрінетін сәттер бола ма?

— Кез келген мамандықтың өз қиындығы бар, біздің де жұмысымыз бұдан тыс қалмайды. Дегенмен, қандай мәселе болса да, шешімін табуға болады деп ойлаймын. Табиғатқа төнетін ең үлкен қауіптің бірі – өрт. Оның қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан. Сондықтан өрт шыққан жағдайда оны сөндіруге жұмыла кірісеміз.

Сонымен қатар өрттің алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғат аясында тәртіп сақтаудың, өртке жол бермеудің және қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндіреміз.

Өйткені тілсіз жаудың зардабымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған анағұрлым оңай.

Фото: Нұрым Сағалиевтің жеке архивінен

— Осы жылдар ішінде адамдардың табиғатқа деген көзқарасы өзгергенін байқаған боларсыз. Қазақстандықтар қоршаған ортаға бұрынғыдан ұқыпты қарай бастаған шығар?

— Соңғы жылдары табиғат аясында демалатындар қатары едәуір артты. Әсіресе, қала тұрғындарының мұндай демалысқа жиі шығатыны байқалады. Қуантатыны, көпшілігі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалық сақтауға, айналаны ретке келтіруге тырысады.

Бұл – көңіл қуантатын өзгеріс. Өйткені табиғатты сақтау тек ұлттық парк қызметкерлерінің міндеті емес. Оған әр адамның қосқан үлесі маңызды.

— Бүгінде табиғатты қорғау саласына да жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер жұмыстарыңызға қаншалықты көмектеседі?

— Соңғы жылдары табиғатты қорғау саласы айтарлықтай өзгерді. Қазір заманауи технологиялар біртіндеп енгізіліп келеді. Мәселен, бейнебақылау камералары, өртті ерте анықтау жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Мұның бәрі аумақты тиімді бақылауға, қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, адам еңбегінің маңызы әлі де зор. Техника көмектескенімен, табиғатты сақтау жауапкершілігі адамның өзіне жүктеледі.

Фото: Нұрым Сағалиевтің жеке архивінен

— Келешекте шамамен 30 жылдан кейін «Бұйратау» ұлттық паркін қандай күйде көргіңіз келеді?

— Білесіз бе, мен бұл өлкені бала кезімде қалай көрсем, сол табиғи қалпын сақтап қалғанын қалаймын. Ол кезде мұнда ешқандай құрылыс болмаған, табиғаттың бастапқы көркі бұзылмаған еді. Әрине, заманның бір орында тұрмайтынын түсінемін. Уақыт өзгереді, туризм дамиды, адамдардың саяхаттауға, табиғат аясында демалуға қызығушылығы артып келеді. Біз де туристерді тартуға, оларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бірақ мұның бәрі қоршаған ортаға зиян келтірмей жүзеге асуы керек. 

Фото: Сағалиевтің жеке архивінен

Ең бастысы, бұл жұмыстар табиғатқа зиян келтірмесе деймін. Арада ондаған жыл өтсе де, осы өлкенің кең байтақ даласы, жануарлары мен өсімдіктері, оны өзгелерден ерекшелендіретін табиғи байлығы сол күйі сақталуы керек. 

— Елге қызмет ету ұғымын өзіңіз қалай түсінесіз?

— Меніңше, әр адам артында жақсы із қалдыруы керек. Міндетті түрде ерекше бір ерлік жасаудың қажеті жоқ. Өз жұмысыңды адал атқарып, мамандығыңды жақсы көріп, таңдаған салаңда елге пайдаңды тигізуге тырысудың өзі – үлкен іс. Әрқайсымыз өз үлесімізді қоса білсек, еңбегіміздің еш кетпегені.

Фото: Сағалиевтің жеке архивінен

Тағы бір маңыздысы – жас ұрпаққа үлгі болу. Туған жерді сүюді, қолда барды қадірлеп, сақтауды және өз ісіне жауапкершілікпен қарауды жастарға өз әрекетімізбен көрсетуіміз керек. Меніңше, елге пайдалы болу дегеніміз – осы.

Бұған дейін Бұйратаудың кербез арқарлары фототұзаққа түсіп қалғанын жазған едік.