Журналистикаға бастаған жол
Кеңес Әбдіманап Жамбыл облысы Талас ауданының Есейхан ауылында дүниеге келген. Мектепті туған ауылында бітіріп, Алматы облысындағы SDU University-де журналистика мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын «Жас Қазақ» ұлттық апталық газетінде бастаған.
— Университетте бізге мықты журналистер сабақ берді. Олар әлі күнге дейін ақыл-кеңесін айтып, жол сілтеп отырады. Ал алғашқы жұмыс орнымда алған білімімді жетілдіруге мүмкіндік болды, — дейді ол.
Кейін ақпарат агенттіктерінде, телеарналарда және университетте еңбек еткен. Жалпы медиа саласында он жылға жуық тәжірибесі бар. 2024 жылдың жазында Президент Телерадиокешеніне жұмысқа орналасқан. Алғашында Jibek Joly телеарнасында түрік тілінде жаңалық жүргізген. Көп ұзамай Деректі кино орталығына редактор болып ауысқан.
Деректі фильм қалай дайындалады?
Қазір маманның негізгі міндеті — деректі фильмдерге сценарий жазу. Ол алдымен жобаға идея ұсынып, кейіпкерлер іздейді, сұхбатқа сұрақтар дайындайды. Кейін фильмнің құрылымын жасап, сценарийін жазады.
— Маған бір тақырыпты бүге-шүгесіне дейін зерттеп, талдау жасаған ұнайды. Кейде бір деректі жобаны дайындау үшін бірнеше кітап оқып, сұхбаттар қарап, ақпарат жинаймын. Осындай кезде жұмыс істеп жүріп демалғандай боласың. Кейіпкерлермен аз ғана сөйлескеннің өзінде көп нәрсе үйренесің. Жұмысымның ең ұнайтын тұсы — үнемі іздену, оқу және жазу, — дейді журналист.
Ол қатысқан жобалардың арасында Мемлекет басшысының шетелдік сапарлары, еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелер туралы фильмдер бар.
Есте қалған сапарлар мен кездесулер
Есінде ерекше қалған жобалардың бірі — 2024 жылы Қазақстан Президентінің Францияға жасаған мемлекеттік сапары туралы деректі фильм. Бұл оның Деректі кино орталығына жаңадан келген кезі болатын. Кейін әріптестерімен бірге Қытай, Жапония, Иордания және Үндістанға барып, деректі жобалар дайындаған.
— Мемлекет басшысының шетелдік сапарлары туралы фильмдерге мұқият дайындаламыз. Жоғары лауазымды тұлғалармен сұхбаттасамыз. Мұндай жұмыс үлкен жауапкершілік жүктейді. Алғашқы жобаларымның бірі — 2024 жылы Қазақстан Президентінің Парижге жасаған мемлекеттік сапары туралы фильм, — дейді ол.
Шетелде кездескен адамдардың арасында журналистің есінде қалғандары да аз емес. Мәселен, былтыр Жапонияға барғанында домбыра тартатын жапон жігітімен және сумо күресінің ең жоғары дивизионында өнер көрсетіп жүрген қазақ балуанымен сұхбаттасқан.
— Бір-бірінен алыс жатқан екі елді мәдениет пен спорт арқылы байланыстырып жүрген азаматтармен әңгімелесу маған ерекше әсер етті, — дейді журналист.
Тағы бір есте қалған кездесу Үндістанда өткен.Биыл қыркүйекте Нью-Делиге барған сапарында 1995–1999 жылдары Үндістанның Қазақстандағы елшісі болған Раджив Сикримен сұхбаттасқан.
Дипломат Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары туралы естеліктерімен бөліскен.
— Ол кісі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарға куә болған. Сол кезең туралы көп тың мәлімет айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жұмыс істеген дипломатпен сұхбаттасу мен үшін есте қаларлық кездесу болды, — дейді ол.
Каспийдің тағдырын арқау еткен «Тамшы»
Кеңес Әбдіманап шетелдік сапарлардан бөлек, еліміздегі өзекті мәселелер туралы деректі фильмдер дайындауға да атсалысқан. Соның бірі — биыл көктемде жарық көрген «Тамшы» деректі фильмі. Туындыда Каспий теңізінің тартылуы мен оны қорғауға күш салып жүрген еріктілердің еңбегі көрсетілген.
— Бұл фильм маған ерекше әсер қалдырды. Біз адам мен табиғаттың байланысын көрсетіп, Каспийдің тағдырына алаңдап жүрген азаматтардың еңбегін таныстыруға тырыстық, — дейді журналист.
«Тамшы» биыл «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында үздік деректі жобалардың қатарына енді.
«Әр кадр мен әр сөздің артында жауапкершілік бар»
Деректі фильм дайындаудың қызығымен қатар қиындығы да бар. Кейде түсірілім кезінде күтпеген жағдайлар туындайды.
— Бұл жұмыстың маған ұнайтыны — бір орында тұрмайсың. Жаңа нәрселер үйренесің, түрлі адамдармен танысасың, шетелге шығасың. Ал қиындығы — әр кадр мен әр сөздің артында үлкен жауапкершілік бар. Кейде түсірілімде күтпеген жағдайлар кездеседі. Бірақ түрлі тағдырлар мен тарихи оқиғаларды көрерменге шынайы жеткізген кезде барлық шаршауың шығады, — дейді ол.
Журналист жұмыстың нәтижесі бүкіл ұжымның еңбегіне байланысты екенін айтады. Сондықтан әріптестерінің біліктілігі мен ұйымшылдығын жоғары бағалайды. Оның сөзінше, Президент Телерадиокешенінде қызметкерлердің білімін жетілдіріп, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасалған.
Мәселен, биыл қаңтарда Деректі кино орталығының қызметкерлері Түркияға барып, TRT телерадиокорпорациясында тәжірибе алмасқан. Онда TRT Belgesel деректі фильмдер арнасының мамандарымен танысып, байланыс орнатқан. Бұдан бөлек, Астанада өткен Al Jazeera Media Week аясында шетелдік мамандардың дәрістеріне қатысқан.
Биыл оған «Таза Қала» бағдарламасын жүргізу де сеніп тапсырылған.
— Деректі кино орталығындағы әріптестерім өз ісінің нағыз мамандары. Адамгершілігі жоғары, кез келген жұмысты бір команда болып сапалы орындайды. Осындай ұжымда еңбек ету бір ғанибет. Биыл Президент Телерадиокешеніне 30 жыл толып отыр. Өзіммен жасты, тарихы терең ұжымның бір бөлшегі болғаныма қуанамын, — дейді ол.
TED баяндамаларын қазақша сөйлету
Біздің кейіпкер жұмыстан бос уақытында әлемге танымал TED жобасының баяндамаларын қазақ тіліне аударады.
— TED баяндамаларын студент кезімнен аударып келемін. Бұл — ана тілімнің халықаралық жобада қолданылуына қосып жүрген кішкене ғана үлесім, — дейді ол.
2024 жылдың сәуірінде Канаданың Ванкувер қаласында өткен TED саммитіне әлемнің әр елінен он аудармашы делегат ретінде таңдалған. Солардың бірі — Кеңес Әбдіманап.
Ол TED жобасына ерікті ретінде қосқан үлесі үшін Қазақстаннан арнайы шақырылып, бір апталық конференцияға қатысқан.
— Әр азамат еліне, қоғамға, әлемге шынайы, қайтарымсыз үлес қоса алса, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын, — дейді журналист.
Шет тілдерін үйрену де оның қызығушылықтарының бірі. Қазір француз тілін меңгеріп жүр. Бұл тілге деген ықыласы Парижге барғаннан кейін артқан.
— Жаңа тіл — жаңа мәдениет. Француз тіліне қызығушылығым Парижге барғаннан кейін басталды. Бұл — мәдениеті бай елдің, дипломатияның тілі. Сондықтан шет тілдерін үйрену мен үшін әрдайым маңызды, — дейді ол.
Оның пікірінше, қазір бірнеше тіл білу артықшылық емес, заман талабына айналған.
«Әр адамның басты бәсекелесі — өзі»
Кеңес Әбдіманап жетістік деген ұғымға өзінше қарайды. Ол үшін ең бастысы — бір орында тоқтап қалмай, өз ісін үнемі жетілдіру.
— Жетістік — өткен күннің жеңісімен тоқтап қалу емес, уақыт талабынан қалмай үнемі жаңарып отыру. Мен үшін ең бастысы — таңдаған жолымның дұрыстығына күн сайын көз жеткізу және өз ісіме адал болу. Егер жасаған жұмысымыз елге пайдасын тигізіп, біреудің ойына ой қоса алса, соның өзі үлкен жетістік, — дейді ол.
Оның айтуынша, әр маман кешегіден жақсы жұмыс істеуге ұмтылуы керек.
— Кешегі жасағанымнан бүгінгі жұмысымды сапалы етіп шығару мен үшін маңызды. Себебі әр адамның басты бәсекелесі — өзі. Ертеңгі жұмысым бүгінгіден де жақсы болуы керек, — дейді журналист.
Жас мамандарға өз саласын терең меңгеріп, білімін үнемі жетілдіріп отыруға кеңес береді. Жаңа технологияларды игеріп, кәсіби байланыс орнатуды да маңызды санайды. Дегенмен жасанды интеллектіні қолданғанда адамның өздігінен ойлануы қажет екенін ескертеді.
— Жаңа технология мен жасанды интеллектіні меңгеру міндет. Бірақ оларды уақыт үнемдеп, жұмысты жүйелеу үшін қолданған дұрыс. Барлық жұмысты жасанды интеллектіге тапсырып, ойланудан қалу кез келген маманға кері әсерін тигізеді деп ойлаймын, — дейді ол.
«Ең үлкен жауапкершілігім — отбасым»
Қызмет бабымен жиі сапарға шығатын журналист үшін отбасының орны бөлек.
— Мен үшін өмірдегі ең маңызды құндылықтың бірі — отбасы. Жұбайыммен бақытты болу, балаларыма жақсы білім, дұрыс тәрбие, бақытты балалық шақ беру — менің ең үлкен жауапкершілігім, — дейді ол.
Кәсіби тұрғыдан да алдына үлкен мақсаттар қойған. Алдағы уақытта білімін тереңдетіп, халықаралық фестивальдерде үздік атанатын деректі фильмдер түсіруді армандайды.
— Жоспар көп. Соның бірі — академиялық білім алып, қазіргі мамандығымда жинаған тәжірибемді толықтыру. Халықаралық фестивальдерде топ жаратын деректі жобалар түсіріп, шетелдік әріптестермен байланыс орнатқым келеді, — дейді журналист.
Дегенмен ол үшін ең бастысы — атқарған еңбегінің елге пайдасы тиюі.
— Мен үшін еңбектің қадірі — өз жұмысыңды жақсы көру, бір ортаға, бір елге, бір отбасыға, бір адамға керек екеніңді сезіну. Өз ісіңді сүйіп, табандылықпен еңбек етсең, алынбайтын асу жоқ, — дейді Кеңес Әбдіманап.
Еске салайық, мұның алдында Исатай Елеусінов 17 жыл бойы есту қабілеті нашар қыздарды өнерге баулып жүргені туралы жазған едік.