Көкшетаудан бастау алған еңбек жолы
Көкшетау тумасы Жанар Орынбайқызының бұл саланы таңдауы кездейсоқтық емес. Қазақ халқы «Ата өнері — балаға мұра» дегендей, өмір жолын теміржолмен байланыстыру — атадан қалған жолды саналы түрде жалғауы.
— Мен теміржолшылар династиясынан боламын. Арғы атам — Айдархан Жұмаханов, өз атам Серікбай Айдарханов және әжем Күлзада Айдарханова, әкем Орынбай Айдарханов та теміржол саласында еңбек еткен. Олардың барлығы Шағалалы станциясында әртүрлі қызметерді атқарған. Мектеп бітірген соң, осы жолды таңдауыма отбасылық дәстүр мен әке өнегесі әсер етті, — деді кейіпкеріміз.
Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясынан (ред. — ALT University) білім алған жас маман 2004 жылы еңбек жолын туған қаласындағы Көкшетау жүк тасымалдау бөлімшесінен бастайды. Бастапқыда хатшы болып қабылданған ол кейін Көкшетау станциясында жүк қабылдап-тапсырушы және тауар кассирі қызметтерін абыроймен атқарды. Осылайша өндірістің қарапайым баспалдақтарынан өтіп, саланың қыр-сырын терең меңгеріп, алдымен Астанаға, кейін Алматыдағы бөлімшелерге ауысады. Бүгінде оның саладағы еңбек өтілі 23 жылға жуықтайды. Ал 1945 жылы Шағалалы станциясында жұмысын бастаған кейіпкеріміздің үлкен атасы Айдархан Жұмахановтан бастап есептегенде 80 жылдан асады.
«Теміржолда жүріп жолықтық»
Жанардың өмірлік жолдасы Ренат Беркенов те осы саланың өкілі — ол бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жобалау-конструкторлық бюросының» жобалар бойынша іздестіру тобы жетекшісінің орынбасары. Ол болашақ жұбайымен қызмет бабымен жүріп, іс-сапарлардың бірінде — Бурабайға бара жатқан пойызда танысқан. Ренат та жары секілді теміржолшылар әулетінен шыққан. Ол осы саладағы диснастияның үшінші буыны.
Ортақ кәсіп біріктірген олар шаңырақ көтеріп, қазір екі бала тәрбиелеп отыр.
— Бір сала болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсініп, қолдау көрсетеміз. Балаларымыз болашақта теміржол жолын таңдаса, қарсы емеспіз, бірақ шешім өздерінде болады, — деп ағынан жарылады Жанар.
Жауапкершілік пен міндет
Бүгінде Жанар Беркенованың жұмысы аймақтағы филиалдармен тығыз байланыста өтеді. ҚТЖ қызметкерлерінің кадрлық деректерін жүйеге енгізіп, құжаттармен жұмыс істеу үлкен зейін мен жауапкершілікті талап етеді.
— Құжатпен жұмыс болған соң, өте мұқият болу маңызды. Бізге келген әр өтініштің артында нақты бір адам, оның тағдыры тұр. Сондықтан заңды білу және әрбір қызметкерге жанашырлықпен қарау — басты қағидам, — дейді ол.
Өз жұмысына деген адалдығы үшін Жанар Беркенова «Теміржол саласында 20 жыл мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен және «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының құрмет грамотасымен марапатталған.
Заман талабына сай өзгерістер
Ширек ғасырға жуық уақыт бойы теміржол саласының дамуына куә болып келе жатқан маман бүгінгі жаңашылдықтарға ерекше қуанады.
— Қазір теміржол саласындағы өзгерістер көз қуантады. Жұмыстың цифрландырылуы, автоматтандырылуы — заман талабына сай қадам. Жаңа пойыздардың жолға шығып, жаңа стансалардың қолданысқа беріліп жатқанын көріп жүрміз. Бұл — ел экономикасының дамуына тікелей әсер етіп қана қоймай, қарапайым жұмысшыларға жасалып жатқан жағдайдың айғағы, — деді Жанар Беркенова.
Ата кәсібін ардақтап, маңдай терін төгіп жүрген осындай білікті маман мен қарапайым теміржолшылардың қажырлы еңбегінің арқасында елдің көлік жүйесі тұрақты түрде алға басып келеді.
Еске салайық, Қазақстанда алдағы үш жылда 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынады.