Астана қалалық Ішкі істер департаментінде ҚР Президенті жанындағы адам құқығы бойынша комиссия сарапшысы, «Адам және заң» газетінің бас редакторы, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімовтың елордалық гарнизон жеке құрамымен кездесуі өткізілді, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрділдә Ораз.
Кездесу барысында Марат Советұлы жеке құрамға Конституцияның адам өміріндегі маңызы туралы айта келіп: «Республика азаматының негізгі құқықтарымен қатар міндеттері де 1995 жылғы тамыздың 30-ында бүкілхалықтық талқылаудан өтіп қабылданған Конституцияда анық тұжырымдалған.
Адам тумысынан өзіне қажетті құқықтар мен бостандықтарға ие. Ал ол өз мемлекетінің азаматтығын алғаннан кейін азаматтық құқықтарға ие болып, тиісті міндеттерді қоса атқаруға тиіс. Конституцияда адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілген. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
Конституцияның 19-бабында "Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы" деп жазылған. Адамдардың ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген», - деді.