Республика бойынша отбасы үлгісіндегі 10 балалар ауылында 610 бала тәрбиеленуде
Аталған заң жобасы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру интернат ұйымдарының тәрбиеленушілерін әлеуметтік қолдау, жасөспірімдер үйлерінде әлеуметтік бейімделуден өту үшін осы ұйымдардың түлектері қатарынан адамдар тобын ұлғайта түсу мақсатында әзірленген. Білім дәне ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, аталған заң жобасында «СОС» - балалар ауылдарын» құру жөніндегі халықаралық қоғамдық ұйым ұсынымдары мейлінше ескерілген. «Бүгінгі күні республикамызда жетім балаларды отбасына жақындатылған түрде тәрбиелеу мүмкіндігін беретін балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері даму үстінде. Қазіргі уақытта республика бойынша 610 бала тәрбиеленіп отырған отбасы үлгісіндегі 10 балалар ауылы бар. Сонымен қатар, 27 жасөспірімдер үйлерінде балалар үйінің 1 мың 300-ден астам бітірушілері тұрып жатыр», деді Ж. Түймебаев.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні жасөспірімдер үйлерінде тек отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен балалар үйлерінің түлектері ғана тұра алады. Осыған байланысты, заң жобасында жасөспірімдер үйлерінде әлеуметтік бейімделуден өту үшін балалар үйлерінің және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар түлектері ішінен қалдырылатын санаттар тобын ұлғайту көзделеді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.