Республика бойынша тиімді онкологиялық көмек көрсету жүйесін құрудың негізі қаланып жатыр
«Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда онкологиялық қөмек көрсету сапасын дамыту жөнінде Бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Сондай-ақ Астанада Ұлттық медициналық холдинг базасында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ашу мәселесін де шешу керек», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жүрек қан-тамырлары мен онкологиялық ауру түрлері Еуропа өңіріндегі өлім-жітім санының 71 пайызын құраған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2020 жылға дейін қатерлі ісіктен көз жұматындар мен қатерлі ісікке шалдығатындар саны 1,5-2 есеге көбейеді.
Қазіргі таңда ҚР Үкіметі Қазақстандағы онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасының жобасын әзірледі, жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан көріп, талқылауға болады, деп хабарлайды pm.kz сайты.
Бұл бағдарлама арқылы Қазақстан Республикасындағы онкологиялық қызметті дамыту жұмыстарының негізгі бағыттарын анықтауға болады. Ол бағыттар қатарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бағыттарын жетілдіру, онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістерін дамыту, кадрлар біліктілігін нығайту, онкологиялық қызмет инфрақұрылымын жетілдіру мен материалдық-техникалық базаны жақсарту, сондай-ақ халықпен кері байланысты дамыту бағыттары бар.
Атап айтсақ, 2012 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында қатерлі ісік ауруларын ертерек анықтау бойынша ілкі жобаны енгізу бағдарламасының аясы кеңейеді. Сондай-ақ 2013 жылдан бастап Қызылорда облысында асқазандағы, бүйректегі қатерлі ісікті ертеден анықтау жөнінде ілкі жоба іске қосылады. Сонымен қатар, скринингтік зерттеулерді енгізуге мониторинг жүргізіледі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылуы қатерлі ісік ауруын диагностикалау мен емдеуге бірегей әлемдік технологияларды тартуға мүмкіндік бередік. Сондай-ақ орталықта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бірегей технологиялар бойынша радикалды емдеулер қолға алынады.
Осы және өзге де шаралар бүкіл республика бойынша тиімді онкологиялық көмек көрсету жүйесін құруға мүмкіндік береді.