Республика күні: Атырауда мемлекеттік марапат кімдерге берілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Тәуелсіздікке жол ашақан егемендік декларациясы қабылданған 25 қазан – Республика күніне орай бір топ атыраулық мемлекеттік марапатқа ие болды. Олардың арасында ардагерлер, әр деңгейдегі басшылар мен қарапайым еңбек адамдары бар.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Республика күніне арналған салтанатта мерекенің маңызына тоқталды. 

«Еліміздің тәуелсіздігіне негіз қалаған тарихи құжат – мемлекеттік егемендіктің декларациясы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданды. Демек, бұл күн – барша қазақстандық үшін ең маңызды күн. Сол себептен, Республика күнінің маңызын жас буынның санасына сіңіріп, бірлік пен келісімді нығайтуды, тарихи бірегейлікті құрметтеу мен рухани мұраны сақтау секілді басты құндылықтарды сіңіруіміз қажет», -деді Серік Шәпкенов. 

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, әр саланың өркендеуіне үлес қосқан 40-тан астам адамға мемлекеттік марапат тапсырылды. Мәселен, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Оразғали Қаршегеновке, «Парасат» ордені еңбек ардагерлері Бисен Қуанов пен Нұрпейіс Мақашовқа, НКОК компаниясының басқарушы директорының орынбасары Ерлан Мұқайға берілді. 

Әр саланың 8 өкілі «Құрмет» орденіне ие болды. Оның ішінде 1 ардагер, 2 дәрігер, 1 оқытушы және 4 басшы бар. 

Ал, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның VI разрядты электр жөндеушісі Сұлтан Айталиев пен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің аға операторы Нұрсәуле Құттыбаева марапатталды. 

Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалін түрлі саланың 27 өкілі иеленді. Олардың арасында ардагерлер де, басшылар мен жеке кәсіпкерлер де, асфальт төсеуші, слесарь, баспанана түптеушісі, эксковатор операторы, механизатор, әкімдіктің жүргізушісі, дәрігер мен мұғалім секілді қарапайым еңбек адамдары бар. Мәселен, Париж Олимпиадасында дзюдодан 5-ші орын алған Әбиба Әбужақынованың бапкері Мейрамбек Есмағамбетов те осы медальға ие болды. 

Сондай-ақ, 2 адамға «Шапағат» медалі табысталды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Ресеймен шекаралас ауданында апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға көшкенін жазған едік.