Республика күні қарсаңында елордалықтар үйлеріне мемлекеттік ту іле бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда жастары «Менің Қазақстаным!» атты акцияны бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жастар үйлердің балкондарына көк туымызды іліп қойды. Жалпы Астана көшелерінде 1000-ға жуық ту ілініп тұр. Патриоттық акция жыл сайын өткізіледі. Бұл акция елорда көшелеріндегі жүрген астаналықтар мен қала қонақтарына жүрек тебірентер әсер сыйлады. Астаналықтар акцияға қосылып жатыр.
— Жыл сайын отбасымызбен осы челленджге қатысамыз, балконға ту іліп қоямыз. Бұл қарапайым әрекет, бірақ символдық мәні бар. Қаладағы ілініп тұрған туларды көргенде, елің үшін мақтаныш сезімі кернейді, — деді Сарыарқа ауданының тұрғыны.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Мемлекеттік рәміздерін орналастыру туралы ережеге сәйкес, азаматтар өз үйлерінің ғимараттары мен балкондарында патриоттық сезімдерді білдіру және Ұлттық жетістіктерді қолдау мақсатында мемлекеттік туды пайдалануға құқылы. Дегенмен мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың белгіленген стандарттарын сақтау қажет.
Бұдан бұрын Республика күні Астанада қандай шаралар өтетінін жазғанбыз.