Республика күні: Оралда 80-ге жуық отбасы жаңа қоныс иесі атанды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Республика күніне орай тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлер кілттері табыс етілді.
Облыс орталығында 78 отбасы жаңа қоныс иесі атанса, соның 60-ы 10-шағынауданнан берілді.
Пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсіміне қала әкімі Мұрат Байменов қатысып, жаңа баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Осы орайда, әр отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар аса маңызды. Бүгінде Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 11 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның бесеуін жыл соңына дейін қолданысқа тапсырамыз. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген пайыздық несиемен беріледі. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасына» сәйкес кезекте тұрған азаматтарға мемлекеттік бюджет есебінен жаңа пәтерлер сатып алынады. Осы бағытта өткен жылы қаламыздың әртүрлі ауданынан 25 жаңа пәтер сатып алынса, биыл жалпы 175 жаңа пәтер алу жоспарымызда бар. Міне, бүгін 78 пәтер кілті иелерін тапты. Баршаңызды осынау қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын, - деді шаһар басшысы.
«2006 жылы тұрғын үй кезегіне тұрдық. Өз үйіміз жоқ, осыған дейін пәтер жалдап келдік. Үлкен балам үшінші топтағы мүгедек, қиындық көріп жүр едік. Бүгін, міне, жаңа пәтерге қол жеткізіп жатырмыз. Мемлекет қолдауына шексіз ризамыз», — деді жаңа баспана иелерінің бірі Бақыт Молдашева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында үйлердің басым көпшілігіне жылу берілгенін жазған болатынбыз.