Республика күні: Туған ауылын түлеткен азамат «Қазақстанның Еңбек ері» атанды
Қызылордалық «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Оны жерлестері ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, туған ауылын түлетуге күш салған азаматқа берілген лайықты баға деп санайды, деп хабарлайды Kazinform.
«Таң» ауылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының бойында орналасқан. Тарихи деректерде осы төңіректе 1926 жылы №17 «Елтай» ауылдық кеңесі құрылғаны жөнінде айтылады. Келер жылы «Ұмтыл», «Қорғанша», «Қызыл сая», «Самырат» атты серіктестіктер пайда болады. Аталған серіктестіктер ұжымдық шаруашылық болып бірігіп, оған ортақ атау беру жөнінде ойластырылады. Ауылдағылар елді мекенге жаңа атау жөнінде ойласып отырған сәтінде таң да арайланып атқан екен. Елдің қадірлісі болған Сегізбай би ауылға болашағы жарқын болсын деген ниетпен сол атауды қоюды ұйғарыпты.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты «Таң» ауылында дүниеге келген Имамзада Шағыртаев 2003 жылдан бастап «Таң ЛТД» ЖШС директоры қызметін атқарады. Облыстық мәслихатының VI-VII шақырымдарының депутаты атанған азамат өзінің туған жерінде күріш шаруашылығын дамытуда толайым табыстарға кенеліп отыр.
Бүгінде серіктестік «Таңнан» өзге Жалағаш ауданындағы «Мақпалкөл» және Қармақшы ауданындағы «Ақжар» елді мекендерінде күріш егеді. Оның жалпы көлемі – 3 800 гектар.
Шаруашылықта жылма-жыл үздік еңбеккерлерге жаңа көліктер беріп, тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайы жақсарып келеді. Мұндай жақсы үрдіс 2011 жылдан басталды. Сол жылы шаруашылықтың 2 озат еңбеккеріне «Лада-2117» автокөлігі берілді. Бұл игілікті іс содан бері тоқтаған емес. Әсіресе 2016 жылдан бастап көбейді. Мұндай марапаттан серіктестікке қарасты көрші ауылдардағы шаруашылық жұмысшылары да тыс қалып жүрген жоқ. Осылайша жылма-жыл қарапайым еңбек адамдарына 6 көліктен беріліп келеді.
Сондай-ақ шаруашылық өз еңбеккерлеріне сыйақы тағайындауды да назарға алып келеді. Егін шаруашылығында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар миллион теңге шамасында қаржылай сыйақыға ие болып жүр.
Кейінгі жылдарда шаруашылық «Таң» ауылында әлеуметтік нысандар салу ісін қолға алды. Оған дейін елдегі үй салу, басқа да тұрмыстық жағдайларға байланысты көмек беріліп келді. Қазір серіктестіктің қолдауымен балабақша, спорт кешені бой көтерді. Жылма-жыл орталықты көріктендіру жұмыстарын ұмыт қалдырып жүрген жоқ. Үлкен жолдан елді мекенге кіреберістен бері қарай жол бойы мен кейбір көшелер жарықтандырылып, жиегіне тал отырғызылды. Қоршауының өзіне 10 млн теңге кетті. Шаруашылықтың екі бригадасы сол екі жақтағы егілген талдардың жағдайына жауапты болып бекітілген. Оған қоса «Таң» ауылының іргелес жатқан «Жаңақоныс» ауылына баратын жол қатынасын жөндеуге шаруашылық техника мен қаржы бөлді. Ауылда «Тағзым» алаңы қайта жаңарды.
2019 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінде ауылдың 95 баласы дзюдо мен таэквандоның қыр-сырына қанығып келеді. Жалпы шаруашылық мәдениет үйі, орталық алаң, көшелердегі әр үйлердің сыртқы қоршауы, көркейту-көгалдандыруға қаржы салған. Ауылға сән берер үлкен әсем сағат та орнатқан. Жыл сайын көше жолдарын тазалау, гүл өсіру сияқты жұмыстарды тұрақты істеп отыр.
Ауылдағы жағдай жақсарғандықтан қазір елді мекенге көшіп келетін тұрғындар саны артып келеді. Қазір жылына кем дегенде 4-5 отбасы көшіп келуде. «Таңның» өзінде үй салатын жер таршылық етіп отыр. «Жаңақоныста» мектепке баратын 30 шақты бала бар. Арнайы шағын автобус бөлініп, екі мезгіл балаларды мектепке тасиды.
Тағы бір жаңалық, шаруашылық басшылары мектеп оқушыларына домбыра үйретуге ықпал жасапты. Шаруашылық тарапынан музыка пәнінің жетекшісіне 15 домбыра берілген. Үйірме құрылып, қазір жұмыс жүруде. Сондай-ақ лагерь мен түрлі жарысқа баратын оқушылар мен жетекшілеріне де ұдайы қолдау көрсетіледі.
Таң ауылында жартылай дайын ет өнімдерін дайындайтын цех жұмыс істейді. «TAN FOOD» маркасымен шығатын цех жеті түрлі өнімді нарыққа шығарып келеді. Бұл өндіріс орнының ашылғанына төрт жылға жуықтап қалды. Кәсіпті өрістетуге аймақтағы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көмектескен. Қазір ауылдағы цехта бес адам тұрақты жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны – 144 миллион теңге. Шаруашылық есебінен оған 56 миллион теңгеден астам қаржы құйылған. Цехқа керекті мал сою және етті өңдеуге арналған құрылғылар сатып алынған. Өнімдер облыстағы дүкендерге сатылымға шығарылуда.
Шағын өндіріс орнында күніне 5 ірі қара союға болады. Цех толықтай заманауи жабдықтармен жарақталған. Мал жартылай автоматты түрде сойылады. Манты, тұшпара, фарш пен котлет секілді жартылай дайын өнімнен бөлек, «Сыбаға», «Бір асым ет» атымен арнайы қаптамадағы сиыр мен жылқы еті де дайындалады. Қосымша қазы-қарта, жал-жая да бар.