Республика күні ұлттық мерекелер күнтізбесіне қалай оралды

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

25 қазан – Республика күні. Тәуелсіздіктің 32 жылында бұл атаулы күн он бірінші рет қана тойланғалы отыр. Себебі, 2001 жылы ұлттық мерекелер тізіміне еніп, 2009 жылы алынып қалған болатын. Ал былтыр қайтадан ұлттық мереке мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды Kazinform

79 депутатты сескендірген Егемендік декларациясы

Бұл құжаттың төңірегінде пікір көп. Сарапшылардың кейбірі оның қабылдануын «тәуелсіздікке жол ашқан маңызды қадам» деп бағаласа, тағы бір топ «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заңның қасында формалды ғана дүние» деген пайымға сенеді.

Дегенмен, Егемендік декларациясын қабылдау жолындағы пікірталас пен саяси арбасулар қазақ мемлекетінің дербестік алуына үзілді-кесілді қарсылық көрсетуге дайын саяси тұлғалардың бетін бері қаратқан, іштегі тоң боп қатқан қарсылықты көпшілік қалауына икемдеген тактикалық қадамның бірі болғанын көруге болады. Бұл жерде осы декларацияны қабылдауға мұрындық болған, құжатты дайындап, бекіткен адамдардың еңбегін әсірелеп бағалаудан аулақпыз. Өйткені, КСРО-ға мүше деп саналатын республиканың бәрінде осындай құжат қабылданды. Біз сол 15 елдің ішінде 14-ші болып егемендігімізді жарияладық.

Егемендік декларациясының қабылданған сәтіне журналист ретінде куә болған жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы осы оқиғаны былайша еске алады.

«Ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде қызмет ететінбіз. ...25 қазан күні әйгілі заңгер, академик, депутат Салық Зиманов мінберде екі сағаттай тұрып Декларация жобасын таныстырды. Жобаны талқылау кезінде төрт сағат аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұраққа тағы да мүдіріссіз жауап берді. Сол кезде жасы жетпіске таяп қалған Салық аға бізге қолына найза алып майданда шайқасқан алып батырлардай елестейтін. Маңызды құжат 25 қазан күні сағат 18.55-те қабылданды. Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысты. 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспады. Мәскеуден сескенген болар. Қатысқан депутаттардың 261-і құжатты қолдады, 18 депутат қарсы болды, 2 депутат қалыс қалды», - деп жазады ол естелігінде.

Басын ашып айтатын мәселе, Егемендік декларациясында Қазақстанды дербес мемлекет сипатына жақындататын өзгерістердің ең маңыздылары қамтылды. Атап айтсақ, елде президенттік билік формасы құрылатыны, одаққа кіру немесе шығу құқығын Мәскеудің нұсқауынсыз шешетіні, халықаралық байланыстарда дербес субьект болатыны, ішкі әскер ұстайтыны, одақ меншігінен өз үлесін алуға құқылы екені көрсетілген.

«Құжатта қазақ халқына қатысты маңызды төрт қағида жарыққа шықты. Онда Қазақ ССР-і қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауаптылығы көрсетілді. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiлігімізді сақтау, қорғау және нығайтуға қатысты шаралар қолданатындығы тайға таңба басқандай жазылды. Қазақ халқының, елде тұратын басқа да диаспоралардың тілін, мәдениетін дамытуға міндетті екендігі атап айтылды. Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны көзделді. Ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бұл мерекені өз басым Қазақ Республикасының күні ретінде қабылдайтынмын», - деп еске алады Марат Бәйділдаұлы.

Құжаттың қабылдануын жақтап дауыс берген 261 депутаттың бірі Әбіш Кекілбаев еді. Ол да «Дәуір дауысы» кітабында аталған оқиға туралы естелік жазып қалдырған.

«Менде Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы мәлімдеменің» дауысқа қойылған нұсқасы әлі бар. Онда әр баптың тұсына дауыс берудің нәтижелері көрсетілген. Соған қарап отырғанда, ондағы әр бапты қабылдаудың қаншалықты күшке түскені көз алдымызға келеді. Ең соңынан, мәлімдеме тұтастай дауысқа қойылғанда таблодағы жазуды көргендердің көпшілігінің көзі дымданып тұрды. Олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, «ендігі күніміз қандай болады» деген қобалжудың да, «бұл өзі не боп кетті» деп аңтарылудың да жасы бар еді», - деп жазады қаламгер.

Одақтағы 15 республика түгелдей егемендігін жариялап үлгергенімен, КСРО басшылығы уысындағы билікті 15 тарапқа үлестіріп бере салғысы келмеді. КСРО бұрынғыдан сипаты мүлде бөлек мемлекет болатынын айтып, жаңа конституция жобасын ұсынған ат төбеліндей топ ыдырап бара жатқан одақты аман алып қалудың қамын жасап бақты. Тіпті, осы кезеңде Қазақстан билігі қолына өте бастаған Нұрсұлтан Назарбаевқа Михаил Горбачевтің өзі КСРО министрлер кеңесінің орынтағын уәде еткені туралы деректер айтылады.

Алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының айтуынша, КСРО-ны егеменді субьектілер одағына айналдыру бастамасына ашық қарсылық білдірген алғашқы ел Молдова болған көрінеді. Эстония, Латвия, Литва, Грузия, Әзербайжанда басталып кеткен дербестік жолындағы ұмтылыстарды Беларусьтің Беловеж орманындағы әйгілі «үштіктің бүлігі» одан әрі ынталандыра түсті.

Одан кейінгі тарих баршаға аян. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік туралы заң қабылданып, қазақ халқына тілеулес мемлекеттер елімізді халықаралық қатынастардың дербес мүшесі, еркіндігі өз қолындағы азат ел ретінде мойындап жатты.

Ұлттық құрылтайдағы ұсыныс

1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні, 2009 жылы президент бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынды. Сол кезде Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-бірін қайталайтын даталар екені туралы пікір көп тараған еді. Осылайша 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін ұлықтайтын бірден-бір ұлттық мереке Тәуелсіздік күні болып тұрды.

2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Екінші Республика» деген ұғымдар билікке жақын саясаттанушылардың азуынан жиі шығатын болды. Республика күнінің қайтадан ұлттық мерекелер күнтізбесіне шығуын осы тенденциямен байланыстырушылар көп. 25 қазанды ұлттық мереке қатарына қайтару туралы ресми ұсыныс Ұлытау облысында өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда айтылды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде бұл шешімнің қисынын түсіндіре кеткен болатын.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді Президент.

Публицист Марат Бәйділдаұлы Тәуелсіздік күнінің Республика күніне ұлттық мерекелер күнтізбесіндегі орнын өткізіп беруін желтоқсан айындағы халықтың көңіл күйімен байланыстырады.

«Жыл сайын 16 желтоқсанда аталып өтетін бұрынғы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарапайым мемлекеттік мерекелер қатарына ығыстырылды. Өзінің де мереке сиқы қалмай оған қатысты іс-шаралар 15 желтоқсанға дейін уқан-суқан өткізіле салатын. Жастардың ықтимал толқуынан сескенген билік Тәуелсіздік күніне бір апта қалғанда студенттерді ешбір жоспарда қарастырылмаған кезексіз демалысқа жіберетін. Әрі бұл датада ауа райы да көбіне түнеріп тұрып алатын. Көшеге шықсаң, алаңдарға барсаң жан жоқ, өлі қалаға тап болғандай күй кешетінсің», - деп топшылайды ол.

Биыл 25 қазан аптаның сәрсенбі күніне дөп келіп тұр, яғни демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды. Осылайша бір аптада бес күн жұмыс істейтіндер де, алты күн жұмыс істейтіндер 25 қазан күні ғана демалады. Ел сенбі мен жексенбі қалыпты тәртіп бойынша өтеді.