Республика күні: Жетісу облысының Үштөбе қаласында өлкетану музейі ашылды

Жетісу облысының Үштөбе қаласында өлкетану музейі ашылды. Екі қабатты жаңа музей ғимаратының жалпы ауданы 2520 шаршы метр болса, экспозициясы 9 бөліктен тұрады, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Бірінші қабатта Қаратал ауданының археологиясы, фаунасы мен флорасына арналған бөлімдер орналасқан. Ал екінші қабатта халқымыздың этнографиялық дамуына қатысты жәдігерлер қойылған. Мұнда Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы, Ұлы Отан соғысы кезеңі, 1868 - 1941, 1945 - 1991 жылдар аралығындағы аудан тарихы туралы сыр шертетін залдар да бар. 

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Сондай-ақ Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі режиссер әрі актер Қанабек Байсейітов, жазушы Кемел Тоқаев, Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римова және басқа да өлке мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығынан мазмұнды мағлұматты осы бөліктен алуға болады. 

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

«Қаратал ауданындағы бұл жаңа ғимаратты жұрт асыға күтті. Енді бір мезгілде 130 адам кіре алатын жаңа музей келушілерге есік ашты. Мұнда заманауи технологиялар: мультимедиялық сенсорлы мониторлар, ақпараттық дүңгіршектер және LED экрандары бар. Осының бәрі келушілерге, әсіресе мектеп оқушыларына музейдегеі экскурсияның пайдалы әрі қызықты өтуіне мүмкіндік береді. Баршаңызды еліміздің мәдени және рухани мұрасымен таныстыратын музейге келіп, түрлі экспонаттармен танысуға шақырамын», - деді музейдің ашылуында сөз алған Жетісу облысы мәслихатының хатшысы Гүлнар Исмағұлова.

Фото: Жетісу облысының әкімдігі