Мәселен, қазіргі таңда елордалықтар өздерінің үйлерінің балкондарына Мемлекеттік Туды іліп жатыр. Алғашқылардың бірі болып мұндай бастаманы «Жастар рухы» жастар қанаты қолға алды. Олар қазақстандықтарды Instagram желісіне Тумен түскен фото немесе видеосын жүктеп, «Жастар рухы» парақшасын белгілеуге шақырды.
«Біз 18 қазанда «Менің елім-менің Туым» онлайн-акциясын бастадық. Соған сай қазақстандықтар өздерінің Тумен түскен фотосуреттері мен әңгімелермен бөлісу үшін хэштег қостық. Біз жарияланымға қатысты көптеген қолдау пікірлері болды. Мұндайды күтпеген едік. Біз 19 қазанда Жандос Құрманбаевтың балконға Туды қалай дұрыс ілу керектігін түсіндірген видеосын көрдік. 2015 жылы ол балконға Ту іліп қойғаны үшін жазаланған еді. Біз Жандосқа хабарласып, оған қолдау білдірдік. Қазақстандықтар ұлттық мерекені сезінуі үшін біз осындай шара ұйымдастырып отырмыз», - деді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Жандос Құрманбаевтың бастамасына көптеген қазақстандықтар қолдау білдірді. Осы орайда «Жастар рухы» тобы да акцияны жалғастыру туралы шешім қабылдаған. Ол үшін олар Республика даңғылын таңдапты. Өздерінің айтуынша, топ мүшелері тұрғындардың есігін қағып, елордалықтарды аталған шараға қосылуға шақыруда. Ұсынысты қолдағандары балкондарына Мемлекеттік Туды іліп жатыр.
Ал әлеуметтік желідегі челленджді боксшы Серік Сәпиев, актриса Құралай Анарбекова, әзілкеш Тұрсынбек Қабатов сияқты белігілі өнер қайраткерлері қолдады. «Жастар рухы» ұйымы бұл шараны 25 қазанға дейін жалғастырмақ ниетте.
Айта кетсек, таяуда балкондарға Мемлекеттік Туды ілуге рұқсат беру мақсатына «ҚР Мемлекеттік Туды пайдалану туралы» Үкімет қаулысына өзгеріс енгізілген болатын.