Республика күні: Жетісу облысында 88 полицей марапатталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Республика күніне орай Талдықорғанда Жетісу облысының 88 полицейі марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мерекелік күнтізбеде бұл күннің қайта жаңғыруы - жаңа Қазақстанның ұрпағы өзінің бастауы мен сабақтастығын майындауының, тарихи еңбектерге құрмет пен Тәуелсіздік жолындағы халқымыздың ерік-жігерінің белгісі болып табылады. Еліміздің қалыптасуының барлық кезеңдерінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ішкі істер органдарына маңызды рөл жүктелді. Біздің қызметкерлер заңдылық пен құқықтық тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтік міндеттерін алдағы уақытта да абыроймен атқаратынына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, бақ-береке мен бейбітшілік, Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді департамент бастығы, полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов.

Жоғары наградамен, мақтау қағазымен және алғыс хатпен облыстың 88 полиция қызметкері марапатталды.

«Полиция полковнигі» арнайы атағы ЖПБ бастығының орынбасары Ерлан Раймбековке, «полиция подполковнигі» арнайы атағы Талдықорған ҚПБ ЖБО аға инспекторы Евгений Кимге берілді.

Сонымен қатар қызметтегі ерекше сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін 27 полицей «Қазақстан полициясына – 30 жыл» медалімен, ал бір қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Ардагерлер мен жас қызметкерлердің ата-аналарына алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.