Ашық аспан астында өткен шарада 5 балалар шығармашығы ұжымы өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызының айтуынша, Республика күні мерекесіне ұлттық мәртебе берілуі өзіміздің тарихымыз бен құндылықтарымызға қайта орала бастағанымызды дәлелдейді.
«Бұл мерекенің мән-маңызы өте зор. Ұлттық мереке дәл қазіргі уақытта үлкен тәрбиелік маңызға ие болып отыр. Қазағымыздың салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары тарихи үрдістегі барлық тәлім-тәрбиеміздің барлығы өзімізге қайта оралғандай болып отыр. Сондықтан, біздің, қазақ елінің болашағы жарқын, еңселі ел болады деген сенімдемін. Барша қазақстандықтарды осы күнмен шын жүректен құттықтаймын!», - деп лебізін білдірді Арайлым Рахымқызы.
Сонымен қатар, концертке келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жас таланттардың өнерін тамашалады.
«Бала көңілі – дала көңілі дегендей қазір балалар концерті болып жатыр. Бұл біздің орталықтың үлкен мерекелік шарасы. Өзіміздің мерекеміз, Республика күніне тек ересектер ғана емес, сонымен қатар балаларымыз да қуанышты. Сондықтан кішкентай өнерпаздарымыздың атынан Ұлттық мерекемен барша Қазақстан тұрғындарын құттықтаймыз!», - деді MM-өнер білім беру орталығының басшысы Мөлдір Мұқанова.
Мерекелік шараны тамашалауға 150-ден аса көрермен келді. Жас өнепаздардың туындыларынан бөлек, концертке елімізге танымал өнер топтары мен әншілері де қатысты. Атап айтсақ, Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы, Жастар театры, «МузАрт» тобы, Маржан Арапбаева, Ұлықпан Жолдасов және Зарина Омарова сияқты танымал өнер адамдары әннен шашу шашты.