Сайысқа қатысуға ниет білдіргендер қаладағы Красин кенті арқылы Қазақстан тауының етегіне жиналды.
Одан төменіректе келушілер үшін палау мен ыстық шай ұсынылған. Шараның ұйымдастырылуына қала әкімдігі мұрындық болып отыр.
Әуелі жиналған жұрт үшін кәсіби спортшылар дене қыздыру жаттығуын өткізді.
Көпшілік алдына шығып, тәжірибесін бөліскендердің арасында ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов, пауэрлифтингтен облыс чемпионатының жүлдегері Ангелина Устинович, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Рената Жолдинова және 200 метрге каноэеде есуде Азия ойындарының күміс жүлдегері Маргарита Торлопова болды.
Жарысқа барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Оның ішінде республикалық, халықаралық бәсекелерде жүлделі орын алып жүргендері де бар.
— Осы сайысты дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарда бар. Биыл алғаш рет қолға алынды. Ең бастысы, ешкім жарақат алмай, биікті ойдағыдай бағындырса дейміз. Спортты жанына серік еткендер үшін осындай шаралар әлі де көптеп ұйымдастырылады, — деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Сайыс қорытындысы төмендегідей болды:
Ерлер:
1 орын — Аян Қасымов (тауға 6 минут 8 секундта жүгіріп шықты)
2 орын — Федор Сухоносов (6.17)
3 орын — Данил Кузнецов (6.20)
Қыздар:
1 орын — Ангелина Кузьмина (7.52)
2 орын — Лариса Переверзева (8.15)
3 орын — Евгения Завьялова (8.21)
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.