Республика күніне орай Қазақстанның туы Нью-Йорк төрінде көкке көтерілді

Фото: Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM - Бұл салтанатты іс-шара әйгілі Уолл-Стритте Республика күніне орай ұйымдастырылған.

Ту көтеру рәсіміне Нью-Йорк мэриясы, қаладағы қазақ диаспорасы, бірқатар шет мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығы қатысты. Алаңға АҚШ-тағы Димаштың жанкүйерлері де келген. Қала мэрі Эрик Адамс жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтті.

Фото: Kazinform

«Ту халқымыз үшін әрқашан да бірлік пен ерліктің символы болып қала береді. Біз АҚШ-тағы әріптестерімізбен бірге осындай шара өткізіп, ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз», — деді ҚР Нью-Йорк қаласындағы бас консулы Рауан Тілеулин.

Фото: Kazinform

 

Ал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы жанкүйері Тная Янг біздің елімізді қонақжай халық ретінде таниды.

«Мен Димаштың концерті үшін Қазақстанға барған едім. Үлкен мега-концерт болды. Барша жанкүйерлерге ұнады. Қазақстан сондай қонақжай ел. Барша қазақстандықтарды және Димашты мерекемен құттықтаймын!», — деді ол.