Республика соттарының БАҚ-тармен өзара іс-қимыл жөніндегі тұжырымдамасының жобасы әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасы соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат Мемлекет басшысының сот жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Жоғарғы Сот сот қызметін ақпараттық қолдауды жақсартуда жүйелі жұмыстар атқаруда.

Соттар мен БАҚ-тың ынтымақтастығы ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзі және оның «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде соттардың ашықтығын арттыру жөнінде берген тапсырмалары тұрғысында өрбитін болады.

Тұжырымдамада республика соттарының қызметін ақпараттық қолдаудың тиімділігін арттырудың негізгі тәсілдері мен жұмыс бағыттары айқындалған. Бұл жұмысты БАҚ қызметкерлері мен үкіметтік емес бірлестіктердің, соның ішінде халықаралық ұйымдардың белсенді қатысуымен жүзеге асыру көзделген.

Тұжырымдама жобасы түсіндіру жұмыстарына судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің неғұрлым белсенді қатысуының тәртібін реттейді. БАҚ пен Интернеттегі сот қызметі туралы сыни жарияланымдарға ден қою шаралары көзделген.

Тұтастай алғанда, Тұжырымдама соттарға деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын дамытуға, сондай-ақ қоғамның соттар қызметі туралы ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған.

Құжат Жоғарғы Сот Төрағасының Өкімімен бекітілетін болады. Оны республикадағы барлық соттардың орындауы міндетті және олардың БАҚ-пен өзара іс-қимылын нақты реттейді.