Республикада 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы иммундау іс-шарасы басталады - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы иммундау іс-шарасын бастайды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы семинар барысында ведомствоның Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік, БҰҰ-ның Балалар қорымен бірлесіп егу науқанын қыркүйектің 6-сы мен 10-ы аралығында өткізуді жоспарлап отыр. Бұл күндер Қазақстанда ресми түрде «Полиомиелитке қарсы иммунизациялаудың ұлттық күндері» деп белгіленген.

А. Есмағамбетованың айтуынша, осы аралықта ел көлемінде егу жұмыстарымен 6 жасқа дейіңгі 1 млн. 800 мың баланы қамту жоспарлануда.

«Бүгіндері министрлік, БҰҰ-ның Балалар қорының қолдауымен 2 млн. өлшем вакцина қорын сатып алды. 6 жасқа дейіңгі балаларды полиомиелитке қарсы қосымша егуді өткізудің қажеттілігі Тәжікстанда полиомиелиттің кенеттен өршуі және оның Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдеріне таралуынан туындап отыр», дейді ол.

Қазақстанда полиомиелит ауруы соңғы рет 1995 жылы тіркелген. Қазіргі уақытта осы дерт бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Балалардың егумен қамтылуы 2009 жылы 98 пайыздан астам құраған. 2002 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің елді полиомиелиттен бос ел деп жариялады.

Полиомиелит вирусы - негізінен 6 жасқа дейіңгі балаларды шарпиды. Ол ауыз қуысы арқылы еніп, баланың бұлшықеттерін, жүйке талшықтарын зақымдайды. Көбіне көп дерт балаларды сал ауруына душар етеді. Ал 20 пайыз оқиға өліммен аяқталады.