Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне «Өмір тамшысы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Наталья Мельникова мәлім етті.
«Бауыржан» қоғамдық қорының және «Өмір тамшысы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 10 мамыр күні Алматыда «Сенің күнің, донор!» атты акция бастады. Аталмыш қор бұл шараны бірінші жыл ұйымдастырып отырған жоқ. Алайда ол бұрындары тек Алматы қаласының аясында ғана өткізіліп отырды. Биыл шара республика бойынша қолға алынуда. Біздің мақсатымыз ақ қан дертіне шалдыққан балаларға 1 мың литр донорлық қан жинау», - дейді ол.
Биыл бұл идеяға Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей, Ақтөбе қалалары да белсене араласып кетті.
«Астанада акция ертең тәмамдалады. Осы аралықта 200 литрге таяу донорлық қан жиналды, Ақтөбе облысында 400 астам литр алынды», - деп атап көрсетті Н. Мельникова.
Оның айтуынша, ақ қан ауруына душар болған балалар үшін донорлық қан күнделікті емі үшін аса қажет материал. Кейде оның жетіспеушілігінен олардың ем-домы тоқтап қалады.