Республикада АҚТҚ вирусына шалдығудың 12 мың 85 оқиғасы тіркелді ? Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2008 жылы республикада АҚТҚ вирусын жұқтырудың 1979 оқиғасы тіркелді. Оның 88-і 14 жасқа дейінгі балалар.

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде республиканың Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоногтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бас сарапшысы Роза Қожапова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстанда 1987 жылдан 2009 жылғы наурыздың 1-іне дейін АҚТҚ вирусын жұқтырудың ресми түрде 12 мың 85 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар ? 301, ЖҚТБ-мен ауратындар ? 841 және одан көз жұмғандар ? 659 адам. Қазақстан Республикасында ЖҚТБ індетіне қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 6 миллиард 708 миллион теңге қаржы бөлінді. 318 анонимді кеңес, 308 психо-әлеуметтік көмек кабинеттері және 159 сенім пункті ашылды. АҚТҚ мен ЖҚТБ-ның таралуының әлемдік көрсеткіші ? 1,1 пайыз. Қазақстан ТМД елдері ішінде Украина (1,4 пайыз), Ресей (1,2), Беларусия (0,4) және Молдовадан (0,4) кейінгі орында (0,2 пайыз) тұр және вирустың таралу қаупі төмен елдердің қатарына енгізіліп отыр. «АҚТҚ инфекциясын жұқтырғандардың 88,9 пайызы 20-49 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті азаматтар. Оның 69,7 пайызы вирусты есірткі заттарын қан тамыры арқылы қолданғаннан жұқтырған», - деді ол. Сондай-ақ оның атап көрсеткеніндей, АҚТҚ-ға шалдыққан 174 әйел мен олардан туған 178 нәрестеге қажетті ем-домдар жасалуда. Қазір АҚТҚ-мен ауыратын барлық науқастар өмірлерін ұзартуға септігін тигізетін антиретровирус препараттарын алуда. Аталмыш дәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізіміне енгізілген.