Республикада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын 174 мың 651 құрылым жұмыс істейді ? вице-министр
13:32, 13 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінгі күні Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 174 мың 651 бірлік ауыл шаруашылық құрылымы айналысуда.
Бұл туралы бүгін отандық өндірушілерді қолдау проблемаларына арналған республикалық жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, 174 мың 651 құрылымның 97 пайызы шаруа және фермерлік шаруалықтар болса, 3 мыңнан астамы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар. Азық-түлік өнімдерін қайта өңдеушілердің саны ? 3814 бірлік. Оның 600-ге жуығы ірі бизнес субъектілері. Агроөнеркәсіптік кешенге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталсақ, олар ? салықтық жеңілдіктер, ветеринарлық, карантиндік, қолданбалы ғылыми зерттеулер және тағы басқа да шығындарды өтеу, сондай-ақ тұқым шаруашылығын дамытуға, көктемгі егіс науқанына қатысты жұмыстарға және тыңайтқыштарды сатып алуға берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер және лизингтер.«АӨК-ны қолдауға мемлекеттен жұмсалған қаржының көлемі ? 2002 жылы 27,3 млрд. теңгені құраса, 2009 жылы республикалық бюджеттен 96,3 миллиард, Ұлттық қордан 120,0 млрд. теңге бөлінді», - деді А.Евниев.Сондай-ақ вице-министр ішкі тұтынуда азық-түлік тауарлардың импорттық үлесіне тоқталып, ауыл шаруашылық бизнес субъектілері өз күштері мен қаражаттарын салуы қажет өнім түрлерін атап көрсетті. Атап айтсақ, құрғақ сүттің - 83 пайызы, сары майдың - 31, ірімшіктің - 61, қоюлатылған сүттің - 85, шұжық өнімдерінің - 41 және өсімдік майының 48 пайызы елімізге шеттен импортталады.