Республикада еңбек заңнамасына қайшы жұмыс істеп жатқан 63 кәмелетке толмағандар анықталды - «Жұмыспен қамту» жедел алдын алу шарасының алғашқы нәтижесі

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Осы күндері республика аумағында «Жұмыспен қамту» жедел-алдын алу шарасы өткізілуде.

Іс-шараның алғашқы күнінде Ішкі істер қызметкерлері еңбек заңнамасына қайшы жұмыс істеп жатқан 63 кәмелетке толмаған жеткіншекті анықтады, оның ішінде 18-і - ойын-сауық орындарында, 13-і - көлікте, 5-і ауылшаруашылық қызметтерінде және 29-ы - басқа жерлерде.

Шілденің 23-іне дейін өткізілетін «Жұмыспен қамту» жедел-алдын алу шарасының мақсаты - жазғы демалыс маусымында кәмелетке толмағандар тарапына жасалатын құқық бұзушылықтарды ескерту және алдын алу, ішкі істер органдарында есепте тұрған қолайсыз отбасыларында тәрбиеленетін балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру.

Профилактикалық іс-шараға қатысуға жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП жастар қанаты филиалдарының өкілдері жұмылдырылды. Іс-шараны өткізуге барлығы 12 мыңнан астам адам атсалысуда.

ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінен мәлім еткендей, шара барысында ата-аналар мен олардың орын ауыстыратын адамдардың балаларды тәрбиелеуде өз міндеттерін орындамағаны үшін - 236, кәмелетке толмағандарды алкогольді мас күйге жеткізгені үшін - 17 ересек адам жауапқа тартылды.

Сондай-ақ, жеткіншектерге алкогольді сусындар мен темекіні сатқан 200-ге жуық сауда орындары анықталып, олар бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жіберілді.


Айта кетейік, Ішкі істер органдарының мүдделі ведомстволарымен бірлесіп өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 11,9 пайызға (2252-ден 1984-ке) азайды.