Республикада көктемгі егіс науқаны аяқталды

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат. Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егін егу науқанының аяқталуына байланысты бүгін баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазір тұқым себу науқаны аяқталды. Көктемде жалпы аумағы 18,3 млн. гектар жерге дән себілді. Бұл былтырғы деңгеймен салыстырғанда 0,9 млн. гектарға артық. Ал, себілген жазғы астық дақылдарының көлемі 16,3 млн. гектар жерге орналастырылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 714 мың гектарға көп. Оның ішінде, биыл жазғы бидай себілетін аумақ былтырғыдан 875,2 мың гектарға көбейіп, 13,9 млн. гектарға жетті. Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, ішкі нарықта тапшы болатын дақыл түрлерінің егіс алқабы арттырылды. Атап айтқанда, майлы дақылдар биыл 1 млн. 66 мың гектарға себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға көп. Сондай-ақ, күріш өсірілетін алқап 9 мың гектарға, картоп- 5 мың гектарға, қант қызылшасы - 0,1 мың гектарға, жеміс-жидек ? 5 мың гектарға және жүзім - 0,8 мың гектарға ұлғайтылды. Ал, көкөніс өсірілетін алқаптар былтырғы жылғы деңгейде. Бұдан өзге, жемшөп өсірілетін аумақтар үштен бір есе немесе 775 мың гектарға көбейді. Сонымен қатар, өндіріске соңғы үлгідегі ылғал қорын сақтайтын технологияларды енгізу жұмыстары да қарқын алып келеді. Мұндай әдіс биыл 10,2 млн. гектар аумаққа қолданылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 млн. гектарға көп. Қазір егінді күтіп -баптау жұмыстары басталды. Еліміздің түрлі аймақтарындағы топырақтың ылғал қоры көпжылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орташа және орташа деңгейден жоғары деп бағаланып отыр. Мамандардың болжауынша, бұл жақсы өнім алуға негіз болады. Еліміздің оңтүстігіндегі суармалы жерлерде әзірге жағдай тұрақты. Көрші елдермен оңтүстік аймақтарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Шегіртке зиянкестерімен күреске қажетті барлық шаралар да қолға алынды.