деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, елімізде 2009 жылдың 9 айында 3,5 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған. Оның 93 мың тоннасы, яғни 2 пайызы өңдеу арқылы қайта кәдеге жаратылған. «Ресми деректер бойынша републикадағы 6 мың 325 елді мекеннің тек 1 мың 558-і немесе 25 пайызы ғана қалдықтары жинау және шығару кәсіпорындарының қызметтерімен қамтылып отыр. Қалған 4 мың 767 немесе 75 пайыз елді мекен тиісті қызмет көрсетулерден тыс қалған. Аталған фактілер - апаттық қоқыстардың, елді мекендерде, қоғамдық орындарда қалдықтардың ретсіз және заңсыз жиналуының көрінісі болып отыр. Сонымен бірге, бұл осындай апаттық түзілімдерге қарсы күреске жыл сайынғы жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының мардымсыздығын көрсетеді», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтар негізінен сұрыпталмастан ашық қоқыстарда жинақталады. Ал ондай қоқыстардың 97 пайызы табиғатты қорғау және санитарлық заңнама талаптарына сәйкес келмейді. «Жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтардың жалпы көлемінің 5 пайыздан да төмен бөлігі кәдеге жаратылады немесе өртеледі», деді Н. Әшімов.