13:03, 02 Сәуір 2009
Республикада жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеудің жеделдетілген қызметі енгізілді
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Республикада Үкімет қаулысымен «Жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеудің» жеделдетілген қызметі енгізілді.
Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде Тіркеу қызметі және құқықтық қызмет көрсету комитеті төрағасының орынбасары Ғалия Жолдыбаева журналистермен болған кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, енді жылжымайтын мүлікті тіркеу екі жұмыс күнінен аспайды. Тек бұл үшін өтініш иесі белгілі бір төлемдер жасауы тиіс.«Жеделдетілген түрде мүлікті тіркеу және оған байланысты мәмілелерді атқару қызметі міндетті емес. Бұған дейін жоба қараша айынан бастап ілкі режимде Ақтау, Алматы, Көкшетау және Қостанай қалаларында енгізілді және халықтың оған деген сұранысының өте жоғары екендігін байқадық», деді Ғ.Жолдыбаева.Осы уақытқа дейін аталмыш қалаларда жұмыс жасап келген қызмет түрінен түскен төлемдердің көлемі 21 млн. теңгені құраған. «Экономикалық дағдарыс ахуалында жеделдетілген тіркеу жұмыстарына төленетін төлем ставкасы 30 пайызға төмендетілді. Егер бұрын ол 50 мың - 70 мың теңгенің шамасында болса, бүгінгі күні ол 35 мың теңге төңірегінде», деді ол.