Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысында аталған ведомствоның басшысы Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау органдары 1-25 тамыз аралығында ел аумағындағы жалпы білім беретін мектептердің 2011-2012 оқу жылына дайындығын тексеру жүргізіп жатқандығын атап өткен ол: «Алдын ала мәліметтер бойынша, қазіргі таңда 4500 білім ошағының дайындығы бағаланды. Бақылау нәтижесі бойынша апатты жағдайда 84 мектеп тұр. Атап айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысында - 36, Жамбыл облысында - 5, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 2 мектептен апатты жағдайда», - деді министр.
Мәселен, оның атап өтуінше, Ақмола облысының Астрахан ауданында осыдан 3 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған мектеп әлі жұмыс істеп тұр. 120 балаға арналған мектептің үстіңгі бел ағаштары майысып кеткен. Ағаштан тұрғызылған білім ошағының қабырғалары да шіри бастаған. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында да 2007 жылы апатты деп танылған 300 және 240 орындық мектептер әлі жұмыс істеп тұр.