Республикадағы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын үйлестіруде бірізділік жетіспейді - Ш. Құрманбайұлы

АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республикамызда мемлекеттік тілді үйретудің 101 орталығы бар.

Олардың саны әлі де артып келеді. Алайда осы орталықтардың жұмысын үйлестіруде бірізділік жетіспейді. Бүгін Астанада «Республикадағы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсірудің ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелері» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференция барысында Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы осылай мәлімдеді.

«Республика өңірлерінен Тіл комитетіне бірқатар хаттар жолданды. Онда орталықтардың құқықтық мәртебесін айқындау мәселелері де көтеріліп отыр. Оның үстіне қазіргі қолданыстағы орталықтың бірі қазыналық мекеме болса, екіншісі жауапкершілігі шектеулі серіктестік енді бірі акционерлік қоғам болып отыр. Ендеше олардың қалыптасу формасынан бастап жұмысты үйлестіруге қатысты міндеттер шаш етектен», - дейді Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы.

Сонымен қатар төраға мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланғанын атап өтті. «Мәселен, оқытудың стандарттары негізінде жаңа әдістемелерді тұрақты түрде әзірлеу қажет. Қазақ тілін оқытушылардың өздерін жаңа талаптар деңгейінде оқытып, біліктілігін арттыру маңызды. Үшіншіден, мемлекеттік тілді оқыту жүйесінде қашықтықтан оқыту әдісін енгізу. Бұл әлем елдеріндегі тіл оқытуда кең тараған әдіс болса да, бізде мемлекеттік тілді оқыту бағытында жолға қойылмай келеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту бағытында да іс-шаралар көзделеді. Сонымен қатар қазақ тілін оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру бойынша да жұмыс басталып кетті», - дейді Ш. Құрманбайұлы. Төрағаның айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының білім беру қызметіне міндетті талаптар енгізілетін болады. Орталықтың құқықтық базасы жетіліп, олардың жұмысын рейтингтік бағалау жүйесін енгізу де көзделеді. «Орталықтар рейтингісін жасау үшін ондағы тыңдаушылардан «Қазтест» бағдарламасы бойынша емтихан тапсыру қамтамасыз етіледі», - дейді Ш. Құрманбайұлы.