«Елді мекен аумақтарында құрғақ шөптердің өртенуі алаңдатады, өйткені оның жалыны тұрғындардың аумағына өтіп кету қаупі бар. 2021 жылғы 26 сәуір мен 3 мамыр аралығында құрғақ шөптің өртенуі тұрғын үйлерге, жазғы сауықтыру лагерлерінің ғимараттарына, саяжай және шаруашылық құрылыстарына таралуының 4 жағдайы тіркелді», - дейді Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.
Оның айтуынша, биыл 1-2 мамырда Павлодар қаласында бау-бақша және саяжай аумақтарында құрғақ шөптің жануының 2 оқиғасы тіркелді.
«Нәтижесінде 5 саяжай толығымен жойылып, 7 саяжай жартылай зақымдалды. Биылғы жылғы 2 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының Желяково ауылында құрғақ шөп өртеніп, кейін жалын жеке тұрғын үй секторындағы 6 үйге таралды, сол күні Қызылжар ауданындағы «Сосновый бор» балалар сауықтыру лагерінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, кейіннен жалын демалушылар тұратын корпусқа өтті. 2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Сарыарқа ауданында құрғақ шөп өртеніп, жалын тұрғын үйге таралған, сондай-ақ өрттің салдарынан жеңіл автокөлік жанып кетті», - дейді ол.
Айта кету керек, орман және дала өрттерінің көп бөлігі 100 км-ден астам радиуста, ТЖМ бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда орын алады.