Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің басшылық құрамын өзгертті. Андрей Иванович Лукин аталған агенттік төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар Қаржы полициясы басшысының орынбасары қызметіне ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің бұрынғы басшысы Марат Мұратұлы Ахметжанов пен Айбар Жиреншеұлы Боданов келді.
А.Лукин 1961 жылы дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Астана қалалық тұрғын үй департаментінің басшысы, ҚР Индустрия және сауда вице-министрі қызметтерін атқарған. 2005 жылдың сәуірінен Қаржы полициясы төрағасының орынбасары болған.
Ал оның әріптесі М.Ахметжанов 1964 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші дәрежесі бар. Қарағанды облыстық прокуратура органдарында, Бас прокуратурада қызмет етіп, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі жүйелерінде басшылық лауазымда болған. Сонымен қатар Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының прокуроры қызметін атқарды.
Ал А.Боданов 1962 жылы дүниеге келген. КСРО АШМ Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтын, ҚР МТК Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Еібек жолын құрылыс саласынан бастаған ол кейін күш-құрылым органдарына ауысқан. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы облыстық қаржы департаментінің бастығы болды.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мәселелеріне жетекшілік жасайтын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетіне де жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болған Болат Қалиянбеков жайғасты. Ал комитеттің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев ҚР Президенті Әкімшілігіне ауысуына байланысты лауазымынан босатылды.
Осы апта ішінде сондай-ақ еліміздің бірқатар ұлттық компанияларында да кадрлық ауыс-түйіс орын алып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасының түрлі бағыттарға жетекшілік жасайтын орынбасарлары қызметтеріне кірісті. Атап айтқанда Данияр Берлібаев (корпоративтік даму), Құрманғазы Исқазиев (геология және перспективалы жобалар), Тимур Бимағамбетов (өндіру және теникалық даму), Нұртас Шманов (көлік инфрақұрылымы), Данияр Тиесов (мұнай қайта өңдеу және мұнай химиясы), Мағзұм Мырзағалиев (инновациялық даму және сервситік жобалар) жаңа лауазымға тағайындалды.
«Самұрық-Энерго» энергетикалық ұлттық компаниясының да басшылық құрамында өзгерістер орын алды. Акционерлік қоғамның Директорлар кеңесі Серік Кеңесбекұлы Оспановтың кандидатурасын басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ал Гүлбану Тәжібайқызы Пазылхайырованы орынбасар лауазымына бекітті. Компанияда сондай-ақ 5 жаңа басқарушы директор бекітіліп, қоғам басқармасының 5 мүшесі сайланды.
Өңірлерде бірқатар облыстардың әкімдері өз орынбасарларын ауыстырды. Апта басында Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады. Ол өзінің орынбасарын және Қостанай қаласы мен Меңдіқара, Әулиекөл аудандарының басшыларын ауыстырды.
Нақты айтқанда, облыс әкімінің орынбасары болып Базыл Шамұханұлы Жақыпов тағайындалды. Ол 1965 жылы дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Әр жылдары аталған облыстың мемлекеттік органдарында басшылық қызметте болған. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Меңдіқара ауданының әкімі болып істеді.
Ал облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Николай Денинг Меңдіқара ауданының әкімі болып кетті. Ол да Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Ақмола мен Қостанай облыстарында әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған.
Қостанай қаласының әкімі қызметіне Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов кірісті. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Челябі мемлекеттік университетін, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін тәмамдаған оның экономика ғылымының кандидаты дәрежесі бар. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Әулиекөл ауданының әкімі болды.
Ал Қостанай қаласының әкімі болған Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев Әулиекөл ауданының әлеуетін көтеруге аттанды. Қостанай педагогикалық институтын бітірген ол партиялық, мемлекеттік органдардың лауазымды қызметтерін атқарды. 2008 жылдың ақпанынан қала әкімі қызметінде болған еді.
Осы аптада «Болашақ» президенттік стипендиясының түлегі Ануар Ахметжанов Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін «ҚазГерМұнай» компаниясында басшылық қызметте болған ол енді өңірдің өнеркәсіптік және қаржы-экономикалық мәселерімен бел шеше айналыспақ.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бұрынғы вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып кетті. 1959 жылы дүниеге келген ол Алматы энергетикалық институтын әрі Мәскеудегі Бүкілодақтық қаржы-экономикалық институтын тәмамдаған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Самұрық-Энерго» АҚ Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болды.
Жұма күні Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына жұмыс сапарымен барған Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов екі қаланың басшыларын да ауыстырды. Сонымен осы уақытқа дейін Сәтбаев қаласын басқарған Бауыржан Шыңғысов Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал Сәтбаев қаласының салық басқармасын басқарған Батырлан Ахметов енді әкім қызметінің дәмін татпақ. Ал Жезқазған қаласының бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлы ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі болып бекітілді.
Айта кетейік, 1964 жылы дүниеге келген Б.Шыңғысов Қарағанды политехникалық институтын және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Ал Б.Ахметов 1969 жылы дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару акедемиясы жанындағы Нарық институтын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов 33 жастағы Ерхан Омаровты облыс орталығының басшысы қызметіне тағайындау туралы бұйрыққа қол қойды. Ол Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болған. 2012 жылдың қаңтарынан Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал қала әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жоғарылады.
Апта соңында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бірқатар мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындады. Атап айтқанда Серік Мәуленұлы Өмірбаев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне, Бейбіт Баймағамбетұлы Мамыраев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне Жұмахан Үшкемпірұлы Мырхалықов ректор болып барды.
С.Өмірбаев Білім және ғылым министрлігі саласында 10 жылдан астам уақыт істеп, Даму стратегиясы, Жоғарғы және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменттерін басқарған. Ал Б.Мамыраев жаңа қызметке тағайындалғанға дейін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болған. Білім және ғылым саласындағы бірқатар халықаралық жобаларға қатысып, әрі оны әзірлеушілердің бірі болған А.Мырхалықов бұған дейін аталған ЖОО-ның инновациялық қызмет жөніндегі проректоры қызметін атқарған.
Сонымен қатар ҚР БҒМ басшысы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры міндетін уақытша атқарушы ретінде Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемісовті, ал С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Мейір Ғарифоллаұлы Ескендіровті бекітті.