Республикалық дирижерлер конкурсына өтінім қабылданып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 8-10 қазан аралығында Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы, күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған республикалық конкурс өтеді.
Конкурстың басты мақсаты – Қазақстан дирижерлік мектебінің дәстүрін сақтау, оны кеңінен насихаттау, кәсіби мамандармен шығармашылық ынтымақтастық орнату, дирижерлік шеберлікті жетілдіру, сондай-ақ дарынды жас дирижерлерді қолдау.
Байқау ұлттық мәдениеттің деңгейін көтеру және Қазақстанның мәдени имиджін арттыруға бағытталған. Байқауға Қазақстанның музыкалық өнер саласындағы 18 бен 35 жас аралығындағы талантты жастар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, конкурс 2 кезеңнен тұрады. Қатысушылар Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды.
Жеңімпаздарды сала мамандарынан құралған білікті қазылар алқасы анықтайды. 2025 жылдың 10 қазан күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында іс-шара қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Айта кетейік, ең кішкентай дирижер Атырауда тұрады.