Республикалық маңыздағы жолдың бәріне мал өтпейтін қоршау орнатылуы мүмкін

Фото: ҚазАвтоЖол

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тұрғындардан республикалық жолдарды мал кірмейтіндей қоршау орнату туралы өтініш көп түсіп жатқанын айтты.

— Жол бойындағы малды көлік апатынан қорғау үшін шетін қоршау керектігі көптен бері айтылып келеді. Қазір ондай қоршау тек І санаттағы республикалық маңыздағы жолдарға ғана орнатылады екен. «ҚазАвтоЖол» компаниясына Ауыл шаруашылығы министрлігі бүкіл республикалық маңызды жолдарға мал өтпейтін қоршау орнату туралы өтініш жасай ала ма, — деп сұрады журналист.

Вице-министр бұл бастаманы қолдауға әзір екенін айтты.

— Мұндай мәселенің бәрін ауыл шаруашылығы министрлігі қолдайды. Өзіңізге де осындай мәселе көтеріп отырғаныңыз үшін рахмет. Өйткені бұл қазір халық көп көтеріп жүрген негізгі тақырыптың бірі. Біз жергілікті әкімдіктер бар, өз тарапымыздан да, бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын, — деді Аманғали Бердалин.

Бұған дейін Қазақстан экспорттай алатын сиыр етінің лимиті бекітілгенін жазған едік.