Ұстаздар біліктілігін арттыру
Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының болжамына сенсек, алдағы 4 жылда барлық сала, оның ішінде педагогика саласы қызметкерлерінің жартысына жаңа дағдыларды меңгеру қажет болады. Бұған қоса, болашақта қайта оқып, біліктілік алып отыру қалыпты дүниеге айналмақ. Дәл осы жайт Президенттің назарынан тыс қалған жоқ.
«Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан, білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса, мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жалпы, елімізде қызмет етіп жүрген педагогтер қайта даярлау бағдарламалары арқылы сабақтас пәндер бойынша қосымша біліктілікті ала алады. Жинақталған ғылыми-әдістемелік әлеуетті ескере отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттырудың инновациялық әдістерін енгізу мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері негізінде жаңа педагогикалық университет ашу жоспарланып отыр. Университеттің ғылыми-зерттеу бағыты дарынды педагогтердің жаңа легін қалыптастыру мен дамытудың негізгі орталығына айналады.
Алдағы уақытта елімізде педагогтердің біліктілігін арттыру курстарынан өтуі бойынша электронды база құрылмақ. Педагог мамандардың сапасын арттыруға септігін тигізетін тағы бір тетік – қазақстандық мұғалімдерді жұмыстан қол үзбей, магистратурада даярлау мүмкіндігі болмақ. Оқу-ағарту министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша педагог мамандықтарына арналған квоталарды ұлғайтуды да ұсынып отыр. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашудың сәтті тәжірибесі педагог кадрларды даярлау саласында да қолданылуы мүмкін.
Балаларға заманға сай озық білім беру
Еліміздің білім беру саласында кадр тапшылығы, оның ішінде білікті мамандардың жетіспейтіндігі анық сезіледі. Мәселен, жыл сайын мектептерде 5 мыңнан астам педагог тапшы болады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Өйткені, елімізде орташа есеппен 400 мың бала дүние есігін ашады. Демек, әр 6-7 жыл сайын білім алушылар қатарының қалыңдауына байланысты кадр тапшылығы үнемі арта түспек. Оның үстіне, жылына педагогикалық білім алған түлектердің 20 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайтындығы тағы бар. Ал балаларға сапалы, заманға сай озық білім беру үшін мықты кадрлар қажет.
«Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды, яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан, әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет, яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен орта білім сапалы болуы керек», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мектептегі орын тапшылығын жою
Кадр тапшылығымен қатар, мектептердегі оқушы орны тапшылығы мәселесі де өте өзекті болып тұр. Бұл проблеманы шешу үшін өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасын қабылдаған болатын. Аталған ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа, заманауи, жайлы мектеп ашылмақ. 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп пайдалануға беріледі.
«Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс
Арыға бармай-ақ осы жаңа оқу жылы басталғаннан бері еліміздің бірқатар өңіріндегі мектепте келеңсіздіктер болды. Мәселен, өткен айда Астана қаласының №14 мектеп-гимназиясының оқушысы екінші қабатқа көтеріліп бара жатып баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған болатын.Оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі де тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін барады. Буллинг те балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп жатқаны жасырын емес. Мұны съезд барысында Президент ашық айтты.
«Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз», - деді Мелекет басшысы.
Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою
Елімізде 7 500 мектеп бар. Оның 6 мыңы – ауылдық мектеп. Осы ауылдық мектептің 4 мыңы – толыққанды 1 200-ден 3 600 балаға дейін оқитын ірі білім ошақтары, қалғаны – шағын мектептер. Ауыл мектептері мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы ауқымды мәселеге айналып отыр. Сондықтан болар, бүгінгі ұстаздар съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселеге айрықша тоқталып өтті.
«Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән берген жөн. Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек, яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуы тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту қажет.
Білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету
Алдағы уақытта мектеп жүйесіне демографиялық қысымның күшейе беретіндігі сөзсіз. Сондықтан да білім саласына цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігі туындап отыр. Жалпы, білім берудің цифрлық трансформациясы тек компьютерлік сыныптарды құру және Интернетке қосылу ғана емес, сонымен қатар оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін нақтылау, мектеп жұмысының жаңа үлгілерін қалыптастыру және тарату, оқыту тәжірибесін жаңарту, ұжымда тиісті атмосфераны құру, мұғалімдерге оқытудың жаңа әдістері мен тәжірибесін меңгеруге көмектесуі шарт. Сондықтан да Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге айрықша назар аударып, білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңыздылығына тоқталды.
«Цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін», - деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің атап өтуінше, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді.
Айта кетерлігі, ICILS-2018 зерттеулері бойынша қазақстандық мектеп оқушылары цифрлық сауаттылықтықтан 14 қатысушы мемлекеттің ішінде ең соңғы 14-орында болған. Оқушылардың 54 пайызы компьютерлік және информатикалық сауаттылық бойынша ең төменгі 1-деңгейге де жете алмаған. Сонымен бірге, еліміздегі мектеп оқулықтарының 20 пайыздан астамында цифрлы баламасы жоқ. Мектептердің тек 18,5 пайызында ғана интернет талапқа сай. Жүйе цифрлы контенттің өте аздығымен, цифрлы орта тиісінше дамымағандығы және цифрлы мәдениеттің төмендігімен сипатталады.
Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек
Мемлекет басшысы жетінші өзекті мәселе ретінде мектепті ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналдыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, соңғы уақытта қоғамда жиі талқылауға түскен діни мәселеге де айрықша мән берді. Оның да себебі бар. Өйткені, балалардың сабағы басталысымен кейбір оқушы қыздардың мектепке хиджабпен келуі біраз шу тудырған болатын. Тіпті, кейбір өңірде хиджаб жамылған қыздардың сабаққа бармай жүргені де белгілі. Осыған орай, таяуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірген-ді.
«2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан, балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Енді көтеріп отырған мәселе (оқушылардың мектепке хиджаб киіп келуі – авт.) мұны шеше ала ма?! Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуі тиіс. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауымыз қажет», - деген еді Ғани Бейсембаев.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Ата заңымызға сәйкес, Қазақстан зайырлы мемлекет екендігіне назар аудартып, бұл қағида барлық жерде, оның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиістігін баса айтты.
«Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.