Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мобильді байланыспен қамтылады

Фото: WAM

АСТАНА. KAZINFORM – Екі жылда республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жол мобильді байланыспен қамтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

- 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалада қолжетімді. Осы қалалар аумағының 75 пайызына дейін қамту үшін жаңа 5G базалық станцияларын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Әкімдіктер тиісті байланыс инфрақұрылымын орнату мүмкіндіктерін кеңейту үшін мобильді операторларға толық қолдау көрсетуі тиіс, - деді ол.

Вице-премьер автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылғанын айтты. 

- Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарлануда. Әкімдіктерден жер учаскелерін жедел бөлу және электрэнергиясына қосылуға техникалық жағдай жасау талап етіледі, - деді Жаслан Мадиев.

Айта кетейік, биыл тағы 2 спутниктік интернет операторы жұмысын бастайды.