Республикалық жолдарда «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеру бойынша «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.

— 2025 жылғы 1 мамырдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеру бойынша кең ауқымды «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылады. Жобаның мақсаты — еліміздің әрбір азаматы салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша қоғамдық бақылауға шақыру. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өз кезегінде анықталған кемшіліктер мен мәселелерге ден қойып, оны қысқа мерзімде шешуді қамтамасыз етпек. Жобаға қатысу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру керек. Нысандарды аралау кестесін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының www.qaj.kz ресми сайтынан көруге болады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Биыл 8 800 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 781 млрд теңге қарастырылған

Сонымен қатар шекарадағы 6 автомобиль өткізу пунктінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 22 жанармай құю станциясы (ЖҚС) және 14 кафе салу, жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған.