Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев Солтүстік Қазақстан облысында 112 учаске су тасқыны кезінде қауіпті аймаққа жататынын айтты.
– Сондай-ақ, Ақмола облысында – 61, Қарағанды облысында - 43 учаске тіркелді. Дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл шараларға су тасқыны қаупі бар учаскелер мен жол құрылыстарын күнделікті тексеру, су тасқынына қарсы және авариялық жұмыстарды жүргізу үшін инертті материалдар дайындау, сондай-ақ жүріс бөлігін, жол жиектерін, жол құрылыстарын қар мен мұздан тазарту кіреді, – деді Ғ.Өтенбаев.
Бұл ретте, жеделдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, автожолдар мен жол құрылыстары күнделікті бақылауға алынды. Су тасқынының алдын алу мақсатында шамамен 12 мың текше метр құм, 3 мың текше метр тас, 12 мың текше метр құмшағал қоспасы, 2 млн текше метр қиыршық тас және 50 мың қап әзірленген.
Сонымен қатар ведомство өкілі жұртшылықты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысуға шақырды. Жол төсемін су басқанына куә болған азаматтар 1403 нөмірі бойынша хабарласуға болады.