Мұндай мәлімдемені бүгін ОКҚ-де аталған қоғамдық бірлестіктің төрайымы Нина Каюпова жасады.
«Өздеріңіз білесіздер, 14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ҚР Президентін кезектен тыс сайлау туралы бастама көтерген болатын. Осы бастаманың жалпы мемлекеттік маңыздылығын түсіне отырып, республикалық әйелдер кеңесінің мүшелері оны толығымен қолдайтындықтарын білдіреді. Біз еліміздің кез келген қиындықтар мен сынақтарға дайын екенін жақсы білеміз» - деп атап өтті ол.
Н. Каюпованың айтуынша, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы болашақ жолымызды анықтап берді, мемлекет бизнесті қолдауға, әлеуметтік міндеттерді орындауға, қаржы секторын оңалтуға қомақты қаражат жұмсап отыр.
«Инфрақұрылымдық нысандарды салу жаңа жұмыс орындарын құрып, әлеуметтік нысандар салу жұмысы жалғасады. Жалпы мемлекеттің әлеуметтік міндеттері орындалады. Мұның барлығына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында қол жеткізілді. Осындай қиын кезеңде тек Мемлекет басшысының салып берген жолы ғана экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі бола алады. Сондықтан біз барлық азаматтарды, еліміздің шын патриоттарын бірлікке шақырып, Отанымыздың болашақ дамуы алдында бір болуға шақырамыз», - деп мәлімдеді Н.Каюпова.