Республикалық бюджеттік комиссия отырысында ҚР Үкіметінің аймақтық жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруға қаржы бөлу туралы қаулысының жобасы мақұлданды

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін Министрліктер үйі ғимаратында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Республикалық бюджет комиссияның төртінші отырысы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы желтоқсанның 18-індегі №1184 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасы қаралып, мақұлданды. Аталмыш қаулы Қазақстан Республикасының Президенті ағымдағы жылғы сәуірдің 9-ында қол қойған 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заңды іске асыру мақсатында әзірленді және өңірлік жұмыспен қамту мен кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру үшін аудандарға қаражаттың бөлінуін көздейді. Сонымен қатар, 2009 жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің «Кернеуі 500, 220 кВ желісі бар Қазақстан Ұлттық электр желісіне қосылумен 500/220 кВ Алма қосалқы стансысын салу» жобасы бойынша мемлекеттік кепілдік беру мәселесі, 2009 жылы Қаржы министрлігінің «Қазақстан облысы-Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісін салу және пайдалануға беру» жобасы бойынша мемлекеттің кепілдемесін беру мәселесі қарастырылды.