16 наурыз күні сағат 9-бен 17-нің аралығында холдингтің әлеуметтік көмекті қажет ететін қызметкерлері жоғары дәрежелі мамандардан медициналық кеңес алып, тексерістен өтуге мүмкіндік алған.
«Бүгін біз аймақтық медициналық мекемелердің жолдамасымен ғана көрсетілетін медициналық қызметті қолжетімді етіп отырмыз, яғни біздің қызметкерлеріміз өздерінің тұрғылықты жеріндегі емханалардан алдын ала тексерістен өтпей-ақ, бірден білікті мамандардан толыққанды кеңес алып, тексерістен өтеді», - деді «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тамара Вощенкова журналистерге берген сұхбатында.
Тамара Вощенкова ашық есік күндері шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтің екі бағытта жүретіндігін айтып өтті. Біріншісі, дәрігерлік кеңес беру түріндегі қызметтер, екіншісі, бір күнде аяқталатын медициналық тексеріс қызметі ұсынылмақ.
«Бір күндік тексеріс нәтижесінде толыққанды тексерісті қажет ететін жағдай туындаса, науқастар өзге мамандандырылған медициналық мекемелер қарауына жіберіліп, емін жалғастыра алады. Қызметкерлерге акция шеңберінде көрсетілетін барлық дәрігерлік көмек түрі тегін болмақ», - деп нақтылады Тамара Вощенкова.
Бүгін Республикалық диагностикалық орталық 500-ге жуық дәрігерлік кеңес қызметін жүзеге асырады деп жоспарланған.