Республикалық диагностикалық орталықта химиктер мен биологтар жұмыс істеуге мәжбүр - конференция

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Республикалық диагностикалық орталығы» АҚ-да медициналық дәрігерлердің тапшылығына байланысты химия және биология факультеттерін бітірген мамандар жұмыс істеуге мәжбүр.

 Бұл туралы бүгін Астанада «Заманауи зертхана - жүйелік пен дәлелділікке ұмтылыс» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференция барысында журналистерге берген сұхбатында аталмыш Орталықтың бас директоры Қадыр Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.Омаровтың атап көрсеткеніндей, медициналық жоғары мектепті бітірген дәрігерлер клиникалық зертханаларда жұмыс істегілері келмейді. Олар аппарат алдында отырғаннан гөрі науқастарды емдегенді жөн көреді. Сол себепті Орталық кадрларды химия және билогия мамандықтарымен қабылдап, оларды қайта оқытуға мәжбүр. Бұл проблеманы шешу үшін алдағы уақытта «Ұлттық медициналық холдингімен» бірлесе отырып, зертханалық дәрігерлер мен басқа да мамандарды тікелей Республикалық диагностикалық орталықтың базасында дайындау қолға алынбақ.

Орталық директорының айтуынша, бүгінде өзекті мәселелердің қатарында тұрған тағы бір түйткіл, ол - Орталықта орналасқан заманауи техникалардың сервистік жағдайын қалпында ұстап тұру және жөндеу жұмыстарын жүргізу. Бұл үшін алдағы уақытта Ұлттық медициналық холдингтің жанынан Сервистік орталық құру көзделіп отыр.

Сондай-ақ отандық клиникалық зертхананың жалпы жағдайына тоқталған ол, соңғы 10 жыл ішінде бұл сала еуропалық зетрханалардың жағдайына біршама жақындағанын жеткізді. «Бүгінгі күні Орталық және оның облыстардағы зертханалары соңғы үлгідегі техникалармен қамтамасыз етілген. Онда жұмыс істейтін мамандар шет елдерде арнайы оқытылды»,  деді Қ.Омаров.