Республикалық гидротехникалық нысандарда су басу қаупі болған емес - Ислам Әбішев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандар су басу қаупін тудырған емес. Бүгін Мәжілістегі «Халық коммунистері» депутаттық фракцияның «Қазақстанның су қорларын тұрақты басқарудың шаралары» тақырыбындағы ашық отырысында ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық меншіктегі барлық 1 900-ден астам нысан бойынша су тасқынына қарсы шараларға 273 млн. теңге жұмсаймыз. Ал жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қарастырылған қаржы туралы мәліметтер менде жоқ. Атап айтқанда, республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандардың кесірінен ешбір су басу немесе басқа да қатер болған емес. Алдағы уақытта да солай болсын деп тілейміз, себебі су саласындағы мамандар бұрыннан қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі адамдар. Олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды»,-деп тоқталды Әбішев.

Осы орайда ол саладағы мамандардың еңбекақысы төмен болғанымен, олар қызметтерін ары қарай жалғастырап жатқанын атап өтті. Су жолын бақылаушы маманның еңбекақасы шамамен 35-40 мың теңге көлемінде.

Бұдан бөлек И. Әбішев халықтың өміріне және экономикаға қауіп төндіретін иесіз су қоймалары жоқ екенін жеткізді.

«Иесіз немесе қараусыз тұрған қандай да бір шағын тоғандар бар, алайда олар да қатерлі емес»,-деп нақтылады комитет басшысы.