Республикалық гвардияның жеке құрамы Елбасын ұлықтау рәсіміне қызу дайындалуда

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Республикалық ұланның Астана қаласында орналасқан 0112 әскери бөлімінің жеке құрамы 8 сәуірде болатын Елбасын ұлықтау рәсіміне қызу әзірлік үстінде, деп хабарлады Республикалық ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бөлімнің (ТӘҚЖ) баспасөз қызметі.

Елбасын ұлықтау кезінде рәсімдік батальон жауынгерлері хаттамалық шараларды атқарады, яғни, мемлекеттік рәміздерді және Қазақстан Конституциясын Ақорданың салтанат өтетін залына енгізеді, Мемлекеттік туды Президентке ұсынады.

Шұғыл мақсаттағы батальонның жауынгерлері де Елбасын ұлықтау рәсіміне жұмылдырылған, олар Президент алдында болатын салтанатты шеп түзеуге қатысады.

Республикалық ұлан жауынгерлері өздеріне жүктелген осындай міндеттердің айрықша маңызды екенін терең түсінеді. Сондықтан әрбір офицер мен сарбаз Елбасын ұлықтау рәсіміне тыңғылықты дайындалып жатыр.

Элитарлық әскери құрылымның барлық жауынгері 3 сәуірде өткен сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына дауыс берген еді. Олар ел бастауға тек қана Елбасы Н.Назарбаев лайықты деп санайды.