Республикалық қатынастағы автожолдардың ішінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы жолдар едәуір зардап шекті

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Республикалық қатынастағы автожолдардың ішінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы жолдар едәуір зардап шекті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметіне қарағанда, мол және үздіксіз жауын-шашын мен ауа райының күрт өзгеріп отыруы салдарынан биылғы көктемде біраз өңірлердегі көлік қатынасының қиындауына әкеліп соқты. Республикалық қатынастағы автожолдардың ішінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы жолдар едәуір зардап шекті. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы үйілген қардың қалыңдығы мен су тасқындары автокөліктердің қозғалысына едәуір қиыншылықтар туғызды.

«Осы жағдайлардың салдарынан наурыздың 24-індегі жағдай бойынша республикада жалпы 29 жол нысанына зақым келді. Оның ішінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 2 көпір, 4 көпірге кіреберіс, сонымен қоса 3 құбыр шайылып кетті. Тасқын судың зардабынан автомобиль жолдарының 20 учаскесі бұзылды. Алдын ала есептерге қарағанда (24.03.10 ж. күнгі мәлімет бойынша) келтірілген нұқсанның сомасы 1,7 млрд. теңге болып отыр»,- делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, Алматы облысында 23 бүлінген учаскенің бүгінгі күнге 19-ы қалпына келтірілді. Ал қалпына келтіруге біршама уақыт қажет ететін 4 учаскеде қатынас айналма жол арқылы қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы үш учаскенің екеуінде қатынас орнатылды, біреуінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жамбыл облысындағы 1 бүлінген учаске қалпына келтірілді. Шығыс Қазақстан облысында едәуір жұмыс көлемін атқаруға тура келеді, онда шайылып кеткен көпірдің орнына қозғалысты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде айналма жол салу ісі басталды. Жолдың шайылып кеткен учаскесін қалпына келтіру жұмыстары Батыс Қазақстан облысында да жүргізілуде.